Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Тобыл өңірі тағы қар құрсауында қалды

AstanaTV
23.02.2021ж. 20:00
2527
Тобыл өңірі тағы қар құрсауында қалды

Қостанайда автобустар тағы тоқтады. Бұл жолы да қарлы боран себеп болып отыр. Тобылда қатты жел тұрып, жолдар жабылды. Батыста да жағдай ушыққан.  Ақпандағы ақтүтек боранның әлегін әріптесім Заңғар Санай айтып береді.

Өңірде таңмен таласа қарлы боран соқты. Күн райының күрт бұзылуына байланысты аймақтағы жолдар жабылған. Арнайы техника шығып, жолда қалғандар құтқарылып жатыр. Облыс көлемінде жылыту бекеттері дайындалды. Құтқарушылар қар құрсауындағы жиырмаға жуық адамға көмек көрсетті. Олардың арасында 7 айлық нәресте бар.

Азамат ОРЫМБАЕВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:


13 облыстық маңызы бар және де 6 республикалық маңызы бар жолдар жабылды. Қазіргі уақытта арнайы 7 бекет жұмыс жасауда. Жергілікті полиция қызметімен бірлескен. Арнайы адамдарды орналастыру үшін 30 жылыту бекеті дайын.


Қазгидрометтің хабарлауынша желдің жылдамдығы кейбір жерлерде секундына 24 метрге дейін жеткен. Мамандар түнге қарай жел екпіні күшейінін, осының салдарынан алай-дүлей ақ боран басталады деді.

Лариса КУЗЬМИНА, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:


Осындай ауа райы алдағы тәулік бойы сақталады. Түнге қарай тіпті нашарлап, қарлы боранның қарқыны артып жел екпіні күшейеді. Ат құлағы көрінбейтін ақтүтек болады. Қазір 50 –ден 500 метрге дейінгі жер көрініп тұр. Түнде түк көрінбейтін  жағдайға жетеді.


Ақпанның ақ түтек бораны Атырау жолдарын жауып, көліктер жолда қалған. Ауа райының нашарлауына байланысты республикалық, халықаралық жолдағы қозғалыс шектелді. Қарлы бұрқасыннан Қостанайдағы қоғамдық көліктер кешкі 6-да тоқтады. Шаһар билігі алдын ала хабарлама таратып әлеуметтік желі арқылы әлеуметті ескертті.

Заңғар САНАЙ , ТІЛШІ:


Қазгидромет орталығының мамандары циклонның соңы антициклонға ұласатынын айтады. Яғни бейсенбі мен жұма күні сарышұнақ аяз күшейіп ауа температурасы -30-35 дейін төмендейді. Ал сенбі күні ақ түтек боран қайта оралады деген болжам бар. Сондықтан аймақ тұрғындарына алыс сапарды кейінге шегере тұруға кеңес береді.


З. Санай