Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Жарылыстан зардап шеккен жатақхана тұрғындары өтемақыға келіспей отыр

AstanaTV
23.02.2021ж. 20:00
1475
Жарылыстан зардап шеккен жатақхана тұрғындары өтемақыға келіспей отыр

300 мың теңге. Бұл - Петропавлда өртеніп кеткен жатақхананың тұрғындарына, жергілікті биліктің ұсынған өтемақысы. Далада қалған жұрт, қаржы жыртықты жамау болмайтынын айтып, келіспей отыр. Жатақхана қаншалықты зақымданған? Билік өкілдері ғимаратты қашан жөндемек? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин біліп көрді.

Сағы сынған Мұхаметқали Аяпбергенев таң сәреден бастап пәтерін аралап, шығын көлемін есептеп жүр. Өрттің кесірінен отағасының иелігіндегі екі пәтердің сау тамтығы қалмаған. Жергілікті билік өтемақыны 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде тағайындапты. Бірақ бір сәтте баспанасынан айрылғандардың бұл сомаға көңілі толмайды.  

Мұхамметқали АЯПБЕРГЕНЕВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Ас бөлмесі түгел өртеніп кетті. Жиһаздың сау жері қалмады. Бүгін мен 300 мың теңгеге не аламын? Есіктерге ғана жетеді. Билік үйді өздері түгел жөндеп берсін.


Жатақхана өртіне қатысты шу осымен үш күннен бері басылмай отыр. Бүгін дүние-мүлкінен айырылған жұрт жиналып, әкімдікке мұңын шақты. Бірі жарылыстан сыр берген үйге қайтуға қорықса, енді бірі өтемақыдан қағылғанына қынжылып отыр.

Алла КУЛИЧЕНКО, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бес жылдай бұрын үйдің бір қабырғасы құлап қалды. Билік тарапы қабырғаға металл тіреуіштер қойды. Ал алдыңғы күні болған жарылыстан кейін басқа қабырға сыр берді. Қазір бірінші және екінші қабаттың арасында тесік бар. Қазір оны бітеп, жөндеп береді. Біз бұл үйге қалай қайтамыз? Мен құрылыстың сапасына алаңдап отырмын.


Арман ТӨЛЕГЕНОВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Мен мұнда жолдас баланың үйінде тұрып жаттым. Жарылыс кезінде кішкентай балам мен келіншегімді далаға шығарып үлгердім. Бар мүлкім ішінде қалды. Телевизор, ноутбук, тоңазытқыш және тағы басқа нәрселердің бәрі балқып кетті. Шамамен үш миллион теңгенің заты жанды. Енді компенсациядан да қағылып отырмын. Кейбір техниканың несиесін де әлі толық өтеп болған жоқпын.

Қалалық әкімдік жатақхананы жаңғырту жұмыстарын қолға алды. Ең әуелі олар жылу жүйесін қалпына келтіруді көздеп отыр. Атқамінерлердің айтуынша өрттен жапа шеккен тұрғындарға бөлек қор ашылмақ.

Асқар ХАБИБУЛИН, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазір арнайы комиссия сараптама жұмыстарын жүргізіп жатыр. Олар бізге жылу жүйесін және әйнектерді қалпына келтіруге рұқсат берді. Үйдің қашан қалпына келетінін біз нақты айта алмаймыз. Айта кету керек, қазір ардагерлер кеңесінің қолдауымен біз арнайы қор аштық. Қала тұрғындары сол арқылы киім, жиһаз және қаржылай көмек көрсете алады.


Қазір әлеуметтік желіде жарылыстан зардап шеккен 24 жастағы Николай Федеровтың жағдайы қызу талқыланып жатыр. Шаштаразға шашын қидыруға барған жігітті құтқарушылар үйіндінің астынан тапқан. Қазір ол аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр.

Анна ФЕДЕРОВА, АНАСЫ:


Баламның басына және омыртқасына екі ота жасады. Дәрігерлер жағдайы ауыр дейді. Оған ерекше тамақ керек. Аурахана ондай асты бермейді. Арнайы айранның бір бөтелкесінің құны үш мың теңге. Менің жалақым 57 мың теңге. Мен балабақшада жұмыс істеймін. Қалалық әкімдікке жолықтым. Олар тек пәтер иелеріне ғана көмектесетіндерін жеткізді. Сондықтан мен халықтан көмек сұрауға мәжбүрмін.


Сөйтіп, комиссия өз шешімін екі аптаның ішінде жариялауы тиіс. Атқамінерлердің пайымдауынша, сараптама қорытындысына сәйкес өтемақы көлемі де қайта қаралуы мүмкін.

А. Құрманкин