Жыл сайын Қазақстанда әйелдерге қарсы 2,5 мыңнан астам қылмыс тіркеледі. Сондықтан отбасыдағы зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша арнайы қызметтің штат санын қалпына келтіру керек. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осындай тапсырма жүктеді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Жердің сатылмайтынын тағы бір еске салып, қос азаматтығы бар мемлекеттік қызметкерлерге жазаны қатайту қажет деді. Толығырақ, Әлішер Өмірзақ жалғастырады.
Қазақстанда әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі азаймай тұр. Ал бұл әйелдердің қоғам өміріне толыққанды қатысуына тосқауыл болып, отбасы институтына кері әсерін тигізеді. Бұл проблеманы шешу жолының бірі ретінде Президент зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша арнайы қызметтің штат санын қалпына келтіруді тапсырды.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Осындағы маңызды рөл Ішкі істер министрлігінің 1999 жылы құрылған әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша арнайы бөлімдеріне жүктеліп отыр. Алайда, кезінде олардың штаттық санының жартысына жуығы қысқарып қалған. Сонымен қатар бұл қызметкерлер тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері жиі кездесетін өңірлерде қысқарған.
Президент назарынан ерекше күтімді қажет ететін балалар да тыс қалмады. Олардың саны жыл сайын артып келеді. Алайда медициналық тексеруден өтуі үшін жарты жылға дейін өз кезегін күтуге мәжбүр. Қарапайым тұрғын үй және өзге де ғимараттарға емін-еркін кіріп шығуына толық жағдай жасалған деуге де келмейді.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Ең алдымен, барлық санаттағы мүгедектікті анықтау рәсімдерін түбегейлі жеңілдету керек. Қазір күтімге мұқтаж адамдардың өзіне тиесілі әлеуметтік қызметтерді пайдалануы өте қиын. Олар онсыз да белгілі нәрсені дәлелдеу үшін түрлі кеңсенің табалдырығын тоздыруға мәжбүр. Цифрлық технологиялар мен автоматтандыру дәуірінде мұндайға жол беруге болмайды.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев қос азаматтығы бар мемлекеттік қызметкерлерге жазаны қатаңдату қажеттігіне тоқталды. Бұл, ең алдымен ұлттық қауіпсіздігіміз үшін маңызды, дейді.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазақстан қос азаматтыққа тыйым салынған көптеген елдердің тобына кіреді. Тиісті норма Конституциямызда да бар. Дегенмен, соңғы уақытта тіпті мемлекеттік қызметшілерде қос азаматтықтың бар екендігі туралы фактілерді жиі тіркеп жүрміз. Бұған белгілі себептермен жол беруге болмайды. Бұл өте байыпты мәселе.
Ал көптің көкейінде жүрген өзекті мәселе – Жер сатуға байланысты нақты шешім қабылдағанын мәлімдеді. Ешкімге сатылмайды және жалға беруге де заң жүзінде тыйым салынатынын айтты.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Бір айдың ішінде Жер реформасы жөніндегі комиссиясын құру қажет. 25 наурызда жұмысқа кірісуді тапсырамын. Комиссия құрамына аграрлық секторлардың беделді мамандарын, жер мәселесін жақсы білетін сарапшыларды қосу керек.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерін жергілікті халық сайлау бастамасын қолға алуды тапсырған еді. Алдағы тамыз және желтоқсан сайлау жаңа жүйемен өтеді. Ал аудан әкімін сайлау 2024 жылға жоспарланып отыр.
Ә. Өмірзақ