Бүгін
Астанада сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселері бойынша азаматтық
бастамашылдық конгрессі өтті. Мұндай форматтағы жиын Елордада тұңғыш рет
ұйымдастырылды. Мемлекеттің жемқорлыққа қарсы бағдарламасын қолдайтын үкіметтік
емес ұйым белсенділері өз пікірлерін ортаға салды. Сыбайластықпен күреске
негізделген ерекше шараға әріптесім Айбек Қосан да қатысып қайтты.
Айбек
Қосан, тілші:
Мемлекеттің
болашағы мен дамуына тікелей тосқауыл болатын үрдіс жайында жиналған қауым өз
пікірін бүгіп қалмады. Тіпті, мемлекеттік органда қызмет ететін шенді
қызметкерлердің өзі қолға алынбай жатқан бастамаларды жіпке тізгендей айтып
өтті.
Ішкі
істер органдары, ауыл шаруашылығы министрлігі мен мемлекеттік кіріс комитеті
және әкімдіктер. Жемқорлыққа бет бұрып, жең ұшынан жалғасқандардың дені осы
құрылымдардан шығады. Бұл туралы мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа
қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев айтты. Сондай-ақ,
қол астындағы қызметкері жемқорлық фактісімен ұсталса, басшысы жауапкершілікке
тартылмайтынына қынжылатынын жасырмады.
Алик
Шпекбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және СЖҚІҚ агенттігі төрағасының
орынбасары:
Пара
алған адам жауапкершілікке тартылып, басшысы ескерусіз қалса, онда нәтиже
шамалы. Осы ретте біз жетекшілердің де жеке жауапкершілігін арттыру мәселесін
көтеріп отырмыз. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 500-ге жуық жемқорлық фактісі
орын алған құрылымдар бар. Бұл не деген масқара? Сингапур, АҚШ сияқты елдерде 1
факті тіркелсе, толық құрам жұмыстан кетеді. Бізде бір де бір басшы
жауапкершілікке тартылмайды.
Конгресске
мемлекеттік органдармен қатар азаматтық қоғамның белсенді өкілдері шақырылған.
Мұның да өзіндік себебі бар. Мемлекет тек өзі ғана бұл қауіпті індетпен
күресіп, түп тамырымен жоя алмайды. Жиынға қатысқан сарапшылар да бұл жайтты
растап отыр.
Гүлнар
Жұмагелдиева, кәсіподақтар федерациясы
төрағасының орынбасары:
Бұл
конгресс алдымен азаматтық қоғамның пікір алмасуы үшін қажет. Яғни аталған
топтың өкілдері өз пікірлерін білдіре алады. Осы арқылы нақты ұсыныстар пайда
болуы мүмкін.
Мемлекеттік
қызметтегі бір айлық жалақының мөлшері төмен, бюджетке сондықтан қол сұқтым
деген сыныққа сылтау,- дейді Қазақстанның азаматтық альянсы Нұрлан Ерімбетов.
Саясаттанушының пікірінше, қоғамның пікірін өзгертіп, жұмылдыра білу - аталған
бастаманың негізгі мақсаты.
Нұрлан
Ерімбетов, «Қазақстанның азаматтық
альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті:
Айлық
аз болуы мүмкін. Керек болса, 2 жұмысқа бар, 3 жұмысқа бар. Түнде жұмыс жаса.
Айлығына байланысты өзін ақтауға шығады
ғой. Меніңше, ол дұрыс емес. Бүгін жемқорлыққа байланысты біздің еліміздің қазір
болашағы өте қауіпті жағдайға болуы мүмкін.
Айбек
Қосан, тілші:
Жалпы
конгресске қатысушылар жемқорлықтың алдын алуға бағытталған бағдарламардың оңды екенін айтып,
қолдайтындарын жеткізді. Бастысы, алқалы жиында айтылған сөз, есіктен шыға
ұмытылып кетпесе екен деп тарқасты.
Айбек ҚОСАН