$498.34 €519.72 ₽4.85
×

«Nur Otan» партиясы жаңа мүшелермен толықты

AstanaTV
01.03.2021ж. 20:00
4220
«Nur Otan» партиясы жаңа мүшелермен толықты

Бүгін «Nur Otan» партиясының құрылғанына 22 жыл толды. Осы мерекелік күнге орай, билік партиясының қатары толықты. Жаңа мүшелеріне партия билеттері салтанатты түрде табысталды. Олардың арасында түрлі кәсіп иелері бар. Тіпті жас ерекшеліктері де әртүрлі. Бірақ олардың барлығын елдің болашағына деген ортақ көзқарас біріктірген.

«Nur Otan-ның» жер-жердегі филиалдарында, партия билеттерін табыстаудың салтанатты рәсімі өтті. Қатарға қосылғандардың мамандықтары сан алуан. Мәселен Алматыда әнші, актер, кәсіпкерлер мен дәрігерлдер бар.  Спортшылар да, сондай-ақ БАҚ өкілдері де партия қатарына қосылды. Осылайша, мегаполистегі нұротандықтардың қатары 60 мыңнан асты.

Мейіржан ОТЫНШИЕВ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл деген біздің партияға нағыз сенім көрсетіп тұр. Өздеріңізге белгілі біздің партия тек ғана сайлау кезінде емес, сонымен қатар күнделікті өмірде жұмыс жасайды. Қоғамдық қабылдау өткіземіз, біздің партия мүшелері оны қабылдайды.

Керекуде де 47 мыңнан астам нұротандық бар. Бүгін тағы жүз адамға партия билеттері табысталды.

Олардың арасында облыстағы Қазақстан Халқы Ассамблеясының грузин этно-мәдени бірлестігінің жетекшісі Яна Касьян да бар. Партияның жаңа мүшелеріне билетті облыс әкімі Әбілқайыр Ысқақов тапсырды. Жаңадан қосылып жатқандар, қуаныштарын шумақпен жеткізді.  
 
Жансұлу ҚҰДЫСОВА, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ, МҰҒАЛІМ:

Үкілі үміт таймасын халқым басынан, Күтем жас ұрпақ сенен жасырман. Басқаны қайдан, ұлылық күтем өз басым, Басталған мынау бәйтерек жаңа ғасырдан. «Нұр Отан» партиясының бір мүшесі атанғаныма өте қуаныштымын.

Ал, Оралда партия қатарына белсенді жастар көптеп қабылданды. Бүгін 43 адам партия билеттерін алды. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда партиялықтардың арасында қыз-келіншектер саны 30 пайызға артса, жастардың саны бес есеге көбейген. Жастар Тұңғыш Президент партиясының мүшесі болу үлкен жауапкершілік екенін атап өтті.

Гүлжауар ТУКАБАЕВА, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ, ТӘЛІМГЕР:

«NUR OTAN» партиясының бағдарламалары ұнап жатыр. Себебі мұғалімдерді қолдап, мәртебесін қолдап жатыр және жалақысын көтеріп жатыр. Өте қуантарлық жағдай, сол үшін де барлығымыз ат салысып, еңбек етуге тырысып жатырмыз.

Шымкенттеде салтанатты шара өтті. 10 азамат партияның қатарына қабылданды. Дәрігер, студент, тіпті зейнеткерде нұротандық атанды. Саяси ұйым қатарында алғашқы күннен бастап, ел игілігі үшін жұмыс істеп келе жатқан партияның Шымкент қалалық филиалындағы ардагерлері, жастарға бата берді.

Өмірзақ МЕЛДЕХАНОВ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ АРДАГЕРІ:


Жаңа буын, жалындаған жастар белсенді қызмет жасайтын үлкен азамат боларын күтеміз. Елге демеу болатын, жанағы дамуын әрі қарай жүргізе білетін, белсенді қызметкер елдің азаматы болсын дегім келеді.

Естеріңізге сала кетейін, 1 наурыз - «Nur Otan-ның» құрылған күні. Өзінің 22 жыл ішінде ол өзін Елбасының саяси бағытын белсенді жүзеге асыратын жетекші партия ретінде танытты. Шара барысында тарихқа шолу жасалып, атқарылған істер баяндалды. Ал, партия қатарына қабылданған жаңа құрам ел дамуы жолында аянбай еңбек етуге уәде берді.

Ө. Қуанар, Е. Карин, Ә. Лесбек, А. Төрекбекқызы