Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Коммуналдық қызмет қымбаттауы мүмкін. Көмір қымбаттап үлгерді.

AstanaTV
09.09.2017ж. 20:00
3023
Коммуналдық қызмет қымбаттауы мүмкін. Көмір қымбаттап үлгерді.

Дүйсенбіде Парламент палаталарының кезекті сессиясының ашылуында Президент бірқатар мәселе қозғады. Мысалы, үкіметке тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығы тарифтерін көтеруді қарастыруды тапсырды. Себебі сол – тұралаған салаға инвестор келуі үшін. Рас, медальдің екі жағы барын да айтты. Адамдардың төлемге қабілеттілігі – ресми тілмен айтқанда, қарапайым айтқанда, көпшіліктің тесік қалтасы.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

У нас самая дешевая электроэнергия во всем постсоветском пространстве. На Кавказе в 4 раза дороже, в России дороже нас. Вода вообще никто не контролирует, течет себе и все. Никто не платит за нее. За тепло низкое. Но есть другая сторона медали. Это платежеспособность населения. Какой доход, какие зарплаты и все это надо в комплексе смотреть. Создавая условия платежеспособности, повышать тарифы, иначе мы не будем развивать ни электроэнергию, ни коммунальное хозяйство, ни трубы не будем менять старые заржавевшие.

Тапсырмаларды атқарушы билік ақырындап «түсіндіре» бастайтыны түсінікті процесс. Аймақтардың басым бөлігінде тарифтер субсидияланады. Осылай деген Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Қостанай облыстарының алдағы маусымға отын алуға қосымша қаржы бөлу туралы өтініштері қарастырылып жатқанын мысалға келтірді. Электр энергиясының көршілерге қарағанда арзандау екенін ол да айтты. Сондай-ақ, осы аптада Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек өткен тамыздағы есеп бойынша тұрғындардың коммуналдық қызметтерге қарызы ...13,5 млрд теңгеге жеткенін хабарлады. Әрине, қолдың қысқалығынан ғана төленбей отырмағаны белгілі. Керісінше, комқызметтерге соңғы тиынына дейін санап беретін тәртіпті кедейлер өте көп. Алайда сол 13,5 млрд теңге қарыздың нақты қанша пайызы сіңірі шыққандардың берешегі екенін кім есептепті?!

Көшедегі адамдар:

105 мың теңге жалақы аламын. Шофер болып істеймін. Қарапайым халық ғой, қиналатын. 1 айлыққа қарап отыр. Басқа жерге барсаң, ұнамаса, кете бер дейді.

Мен өзім жұмыс істеймін. Зейнетақы да аламынү Жеткізуге тырысып жатырмыз. Егер жұмыстан шықсам, әрине, жетпейді.

Тарифтер өсіп жатыр, не істейміз, көреміз енді, қалай болса да...

20 мың төлеймін, ал қыста жылу қосылады, одан да көп төлейміз...

Сонымен қыстың қыр астында екені бір-ақ күндебілінген, 7-қыркүйекте кәдімгідей салқын болды, алдында күн жанып тұрған, Арқа мен солтүстік өңірлерде дайындық қалай? Петропавлдағы меншікті тілшіміз Абзал Құрманкиннің хабарлауынша, былтырғыдай Шұбаркөл көмірі тапшы. Ал жұрттың көбі сапасы жақсы болғасын Шұбаркөлдің көмірін пайдаланады. Биыл да таситын вагон тапшы көрінеді. Оның үстіне тарифтер де өсіп бастапты.

Жылу маусымы таяған шақта көмір тапшылығының туындауы дәстүрге айналғандай. Қызылжарда былтырғы сценарий қайталанып отыр. Қыстың қамын жаз ойлаған қалың көпшілік қара отынмен қамдана алмай әуре. Қалада көмір жоқ емес, бар. Алайда, бұқара қалаған Шұбркөл көмірі тапшы.  Отынның осы түріне қол жеткізе алмаған тұрғындардың бірі тосуды жөн санаса, енді бірі қар түспей тұрғанда деп, басқа көмірді сатып алған.

Дайыржан Билялов, Петропавл қаласының тұрғыны:

Қалада шұбаркөл көмірі жоқ. Нені аласың? Қаражыраны аласың. Ол болмаса Екібастұзды аласың, ол мүлдем жанбайды. Отынды аласың, ол да қымбат. Аяз болғанда жүз, жүз мыңнан артық керек ақша.

Қаражыра, Екібастұз көмірі қазір бекетте толып тұр. Келген адамға шикізат қалаған мөлшерде ұсынылады. Ал Шұбаркөл сатылатын орын тым-тырыс. Әдетте әрлі-берлі жүйткитін техника қазір шаң басып тұр. Мекемеде жаздан қалған көмірдің құмы ғана жатыр. Әрине, халық құмды емес, тастарды қалайды.  Ал қарбалас тіршілікке үйренген нысан басшысы болса, вагондарды тағатсыздана күтіп отыр.

Абдулахат Турдыоглы, көмір бекетінің директоры:

Тамыз айында 70 вагонға тапсырыс бердік. Бірақ оның жартысы ғана келді. Енді қыркүйекте тағы 80 вагон жіберіңдер деп айттық. Әзірге келген жоқ. 20 күн бойы жұмыс тоқтап тұр. Сол составтарды күтіп отырмыз.

Жергілікті билік өкілдері көмір тапшылығына әзірге алаңдамай отыр. Айтуларынша, бүгінде шикізатпен бюджеттік мекемелердің 97 пайызы қамданса, тұрғындардың 30 пайызы қораларын көмірге толтырып қойған. Аязды күндерге дейін уақыт әлі жетерлік. Қазір барлығы жоспарға сай жүріп жатыр, дейді олар.

Әділбек Әубәкіров, СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:

Бюджеттік мекемелердің сұранысы 173 мың тонна, оларға 167 мың тонна жеткізілді. Ал халық жыл сайын шамамен 411 мың тонна көмір сатып алады. Бүгінде олар 129 мыңын тасып алған. Тұрғындар көмір бекеттеріне көбінесе қазан-қараша айларында ағылады. Сондықтан әзірге алаңдайтын себеп жоқ.

Тапшылық себебін білу мақсатында кен орнының өзіне жолықтық. Белгілі болғандай шикізат қоры жеткілікті. Жауапты мекеме өңірлерді көмірмен 100 пайыз қамтуға қауқарлы. Бірақ оны тасымалдау мәселесі өткір тұр екен. Қазақстан темір жолы компаниясы бөлген вагондар саны қара отынды аймақтарға таратуға жетпейтін көрінеді. Бүгінде кен орны өңірлердің тапсырысын 75 пайызға орындапты.

Инна Горяинова, "Шұбаркөл көмір" АҚ сату бөлімінің басшысы:

Қаңтар-маусым айларында біз тоқтаусыз жұмыс істедік. Ал шілде-тамызда вагон тапшы болды. Біз Солтүстік Қазақстанға жуырда қосымша 43 вагон жібердік. Қалған аймақтарға қосымша вагон бөлінгесін жібереміз. Көлік бөліну үшін біз Қазақстан Темір Жолы компаниясымен күнде келіссөздер жүргізіп жатырмыз.

Шикізат тапшылығымен қатар, көмір бағасының қымбаттауы проблемасы да қазір ушығып барады. Бүгінде аймақтарда жаппай қара отын құны өсіп жатыр. Бір жақта оның тоннасы 2 мың теңгеге көтерілсе, шалғайдағы ағайын қосымша 4-5 мыңға дейін төлеуге мәжбүр. Газдалған аймақ болып саналатын Әулие Ата өңірінде де көмір, сұранысқа аса ие болып отырған тауар екен. Облыстағы 377 елді мекеннің 199-ы әлі күнге дейін көмірмен түтін түтетіп отыр. Мұнда көмірдің тоннасы 15 мың теңгеге дейін жеткен. Енді бұған алып-сатарлардың пайдасын қосыңыз. Шикізат бағасының аспандауы жергілікті тұрғындардың ашуына тиген. Бұқара "алтын көмірді" көтере алмайтындарын айтып, налиды.

Мүсілім Қожабаев, Құмшағал ауылының тұрғыны:

Биылғы баға 13 мыңнан басталды, 1 айдың ішінде 15 мыңға жетті. Бұл не бәле бұл?

Сапаркүл Тоғайбаева, Құмшағал ауылының тұрғыны:

10 тонна көмір жағамыз қыстан шығу үшін. Әрең аламыз сол көмірді. Ал, енді бұл 15 мың, енді 20 мың теңге болса қалай аламыз? Мен 200 жүз мыңға жаға алмаймын ғой көмір! Жаурап отырамыз ба үйде, немерелеріміз бар. Халықты қанау деген нәрсе ғой мынау!

Бір қызығы, шикізат бағасы тек көмір сату бекеттерінде ғана шарықтап тұр. Кен орындарында қара отын 4-4,5 мың теңгеден сатылып жатыр. Қалған айырмасы – жол шығыны мен операторлардың пайдасы. Демек, көмірдің бағасы кен орнынан халыққа дейін жеткенше шамамен 3-3,5 есе қымбаттайды. Ал көмір өндіру компаниялары аспандап тұрған бағалардан беймәлім екендерін айтады.

Инна Горяинова, "Шұбаркөл көмір" АҚ сату бөлімінің басшысы:

Бізде Шұбаркөл көмірінің бір тоннасы 4503 теңгеден сатылып жатыр. Аймақтарда неге оның қымбатқа сатылатынын білмедім. Бәлкім логистикалық шығындар бар шығар. Біз өзіміздің жеке тұтынушыларымызбен келісім-шарт жасасып, оларға осындай бағамен ұсынып жатырмыз. Бағаны кен орнында өсіру әзірге жоспарда жоқ.

Есесіне, жол шығыны өсті. Мұны шығысқазақстандық шенеуніктер де растап отыр. Қазақстан темір жол компаниясы темір жол тарифін 15 пайызға өсірген.

Нұрлан Рамазанов, ШҚО Энергетика және ТКШ басқармасы энергетика және энергиямен қамту бөлімінің басшысы:

ҚТЖ экспресс компаниясы көмір сату мекемесіне 7-тамыздан бастап көмірді тасымалдау құны 10-15 пайызға өсетінін хабарлады. Бұл көмірдің жалпы бағасын әсер етпей қоймайды. Қаражыраның өзі бағаны қымбаттатқан жоқ. Біз оларды жылда тексеріп отырамыз. Баға теміржол шығынына тәуелді.

Абзал Құрманкин, тілші:

Сонымен шикізат тапшылығы және көмір бағасы мәселелерін зерттей келе, біз Қазақстан Темір Жол компаниясына келіп тірелдік. Вагондарды тарату мен темір жол тарифіне осы мекеме жауапты болған соң, біз Астана телеарнасының атынан оларға ресми хат жолдадық. Алайда, жауабы әзірге келген жоқ. Елді көмірмен қамтуға қосымша вагондар бөліне ме? Тариф құны не себеппен жоғарылады? Осы сұрақтардың жауабын қыс түспей береді деп үміттенеміз.

А.Құрманкин Д.Әлімқұл И.Якунина М.Иневатова «Біздің уақыт».