Елордада эпидемиологиялық жағдай нашарлап барады. Бас санитарлық дәрігер, карантин шараларына құлақ аспайтындар көбейгенін айтып дабыл қақты. Сырқаттанушылық деңгейі де өткен апталармен салыстырғанда күрт көбейіпті. Егер ахуал осылай жалғаса берсе, карантин күшейтілуі мүмкін деді. Бұлай жалғаса берсе, былтырғы сценарий қайталанбайды ма? Бұл сауалға әріптесім Асылбек Данияр жауап іздеді.
"Қызыл" аймақ. Елорданың эпидемиологиялық матрицаның қауіпті белдеуіне кіргеніне үшінші күн. 10 наурыздан бастап COVID-19-ды жұқтырғандар көбейіп, тұрақсыздық пайда болған. Ай басталғалы науқастар 10 пайызға дейін артыпты. Астананың бас санитарлық дәрігері, бұған тұрғындардың бейқамдығы мен карантинді пысқырмауы себеп дейді. Қазіргі таңда қала бойынша коронавирустың 912 үй ошағы бар.
Сархат БЕЙСЕНОВА, НҰР-СҰЛТАН қ. САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:
Коронавирустық инфекцияның тіркелу себептері бұрынғысынша тұрғындардың карантиндік шараларды сақтамауы. Ол: адамдар көп жиналатын орындарға бару, бетперде бағуды ескермеу, ауырғандар не олармен жақын байланыста болған адамдардың да үй карантиндік режимін сақтамауы болып табылады.
Сонымен бірге, карантиннің жеңілдетілуі елорданың кәсіпкерлеріне жақпағандай. Мониторингтік топ 1 наурыздан бері қоғамдық тамақтану объектілері мен ойын-сауық орындары ішінде 61 заң бұзушылық анықтаған.
Сархат БЕЙСЕНОВА, НҰР-СҰЛТАН қ. САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:
Егер індет жұқтырған науқастар күрт көбейер болса, қала бес күн ішінде "қызыл" аймақтан шықпаса, онда қосымша шаралар қабылданады. Сондықтан үнемі қадағалауда ұстаймыз. Біз барлық объектілердің жұмыс уақытын бекіткенбіз, олар осы режимді сақтауға міндетті.
Алматыда да жағдай ушыққан. Жұқпалы ауруханалардағы төсек-орындардың жартысынан көбі бос емес.
Эльвира ИБРАГИМОВА, АЛМАТЫ қ. ОРТАЛЫҚ ҚАЛАЛЫҚ КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ М.А:
Біздегі ауруханаларда төсек-орындар жеткілікті, барлық медициналық мекемелерде қосымша резерв қарастырылған. Биыл қосымша үш инфекциялық клиника салынды, олар коронавирустық инфекциямен ауыратын адамдарды емдеуге арналған.
Денсаулық сақтау министрі, өзінің Фейсбуктегі парақшасына COVID-19-дың жаңа штаммдары келу қаупі бар екенін жазды. Бұдан бөлек, кеселден сауыққан адамдарда ауруды қайта жұқтыру мүмкіндігі күн сайын артып жатқанын хабарлайды.
Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:
Қыркүйек пен қаңтар аралығында елімізде коронавирустың «Британдық», «Оңтүстік Африкалық», «Бразилиялық» штамы анықталған жоқ. Алайда, халықаралық әуе қатынасы қайта ашылды, демек шетелге шығатын азаматтардың көбейетінін ескерген жөн. Яғни, дерттің жаңа штаммдарын тасымалдау қаупі де артады деген сөз.
Оқу жылы басталғалы да оқушылар арасында індет жұқтырғанда көбейіп жатыр. 1 қыркүйектен бері 9 мың 200-ге жуық бала COVID-19-ға шалдыққан. Оның 3 мыңнан астамы кезекші сыныпта оқитындар. Ең көп жағдай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген.
А. Данияр