Урбанистика туралы әлемдік бестселлер қазақ тіліне аударылды. Бүгін елордада «Қала үшін күрес» атты урбанистік революция нұсқаулығының таныстырылымы болды. Туынды - шетелдік Джанет Садик-Хан және Сет Соломонов авторларының - еңбегінен аударылған. Оны қазақ тіліне аударуға «Болашақ» түлектерінің қауымдастығы үлес қосқан. Кітапта қала құрылысының озық тәжірибелері жинақталыпты. Бұл - өз кезегінде, елдегі урбанистика ғылымының дамуына зор үлес қосатын еңбек, дейді мамандар.
Лаура ДЕМЕССИНОВА, "БОЛАШАҚ" ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
Біздің мемлекет басшысымыз Қасым-Жомарт Тоқаев айтып кеткен болатын, көптеген жаңа шетелдік бестселлерлер барлығы қазақ тіліне аударылуы керек, жұмыс жүргізілуі керек деп. Үміттенеміз осы жаңа кітап бүгін осы мемлекет басшымыздың қолдауы деп.
Кітапта ХХ ғасырдың аяғында, қала өміріндегі қиындықтар баяндалған. Мәселенің ушыққаны соншалық, қала әкімдігі - тұрғындардың жайлы өмір сүру үшін - күресуге мәжбүр болады. Нұсқаулықта көше, велосипедті жалға беретін орындар, жаяу жүргіншілер жолы, демалыс орындары, қоғамдық көлік мәселесі, жол-көлік апаттарын азайту үшін көптеген мысалдар келтірілген. «Кантай» баспасынан жарық көрген аударманың, үш мыңнан астам данасы қалың оқырманға жол тартқан. Практикалық нұсқаулық, елдегі өндірістік оқу орындарының жас урбанистеріне тегін ұсынылады.
Б. Сатуов