Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Қазақстанда жаздағы жағдай қайталану қаупі жоғары, - Президент

AstanaTV
18.03.2021ж. 20:00
3446
Қазақстанда жаздағы жағдай қайталану қаупі жоғары, - Президент

Қазақстанда коронавирустың жаздағы жағдайы қайталану қаупі жоғары. Мұны мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Сондықтан вакцина салдыруға шақырды. Ал, бас мемлекеттік санитарлық дәрігер болса, індетке қарсы екпе кез келген адамға салынбайтынын ескертті. Ел ішіндегі жағдайды бақылап отырған әріптесім Асылбек Данияр, тақырыпты жалғастырады.

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

COVID-19 көрші мемлекеттерде өршіп жатыр. Президентті бұл жағдай алаңдатып отыр. Ол соңғы уақытта халықтың біршама тобы мен кәсіпкерлердің жүгенсіз кеткеніне ашулы.


Карантинді жеңілдетілуінің соңы бірнеше аймақта эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына әкеп соқты. Нұр-Сұлтан мен Алматы матрицаның "қызыл" аймағына тереңдей түсті. Қасым - Жомарт Тоқаев егер сақтық шараларына немқұрайлы қарау жалағаса берсе, былтырғы жаздағы жағдай қайталану қаупі жоғары екені ескертті.  

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бәрі тек дәрігерлер мен денсаулық сақтау жүйесіне байланысты емес. Сондықтан мен тағы да отандастарымды ұстамдылықты жоғалтпауға, барлық карантин талаптарын ұстауға, коронавирусқа қарсы жаппай вакцинацияны қолдауға шақырамын.

Дәрігерлер де індеттің таралуын екпе ғана тежей алатынын айтып жатыр. Бірақ, елордалықтардың басым бөлігі вакцина қабылдауға асығар емес.  

БЛИЦ:

- Мен салдырмаймын мысалы. Бірінші салдырсын Президент, депутаттар. Сосын біз салдырамыз.

- Вакцинация салдырмаймын мен.  Салдыруға қарсымын. Қорқамын өзімнің өмірім үшін.

- Менің жеке өзімнің ниетім жоқ. Өзіме де балаларыма да салдырмаймын.


Дегенмен денсаулық сақтау министрлігі препарат ерікті азаматтарға салынбайтынын жеткізді. Бұндай жағдай Қарағанды облысында басталып кеткен еді.

Ерлан ҚИЯСОВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, БАС МЕМЛЕКЕТТІК САНИТАРЛЫҚ ДӘРІГЕРІ:

Біз негізгі жоспарды ұстанамыз. Қазір тек алғы шептегі адамдарға ғана екпе салынады. Ал, тұрғындарды вакцинациялау қазірше тоқтатыла тұрады.


Эпидемиолог дәрігерлер "тұрғындар неліктен екпеден қашады?" деген сұраққа былай деп жауап қатты:

Жанар СЛАМБЕК, ПАВЛОДАР ҚАЛАЛЫҚ №3 ЕМХАНАСЫНЫҢ ДӘРІГЕР-ЭПИДЕМИОЛОГЫ:
 
Науқастардың көпшілігі жаңа препаратқа сенбегендіктен тас тартып жатыр. Арасында жағымсыз әсерінен қорқып жатқандары да бар.

Нұр-Сұлтанда кеселге шалдыққан науқастар артқан. Жансақтау бөліміне тәулігіне 5 науқас түсетін көрінеді. Былтырғы сценаридің қайталануынан қорыққан дәрігерлер де тұрғындарға үндеу жасады.

Күлипа ДОЛДАБАЕВА, НҰР-СҰЛТАН қ. КӨПСАЛАЛЫ МЕДИЦИНА ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ИНФЕКЦИОНИСТ ДӘРІГЕРІ:

Күніне 20-25 науқас жатқызылуда. Оның ішінде ауыр және өте ауыр жағдайда жатқызылғандардың үлес-салмағы жоғары. Жалғаса беретін болса мынадай жағдай ауруханадағы төсек санының тапшылығына және медицина мамандарының жұмысының қиындауына әкеледі.

Министрліктің бүгінгі ақпараты бойынша індетке қарсы дәрінің бірінші компанентін 90 мыңнан астам, екіншісін 19 мыңнан астам адам қабылдаған.

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Айта кетейін, Астананың бас санитары бүгіннен бастап шектеу шараларын күшейтіп, 21 наурызда локдаун енгізілетінін хабарлап еді. Департаменттің баспасөз қызметі карантинді қатаңдату бойынша тағы жаңа қаулының шығатынын айтты.

А. Данияр