Түркістан облысындағы Шақпақ ауылын ауыз сумен қамтуға 10 жылда бюджеттен бір емес екі рет қаражат бөлінген. Бірақ миллиондардың қайырын халық көре алмай келеді. Халқы талайдан ауыз судың азабын тартып жүр. Арнамызға арыз айтқандар, сапасыз су ішеміз деп денсаулықтан айрылдық деп отыр. Қыста қар ерітіп, жазда арық пен өзен суын амалдап отырмыз дескен, шақпақтықтардың шерін әріптесім Айзада Төребекқызы тарқатсын.
Шақпақтықтар екі күн сайын тайлы-тұяғы қалмай көше күзетеді. Өйтпесе әкімдік есебінен әкелінетін судан құр қалады. Оның өзі бес шақырым жердегі өзеннен алынатынын айтады. Бұған да кейде қолдары жетпей қалатынынын көрінеді.
Әр үйдің ауласында мынадай құдық қазылған. Бірақ тұзды су болғандықтан денсаулықты құртып жатыр дейді. Оның өзінде су бірде, бар, бірде жоқ. Қыста қар ерітіп, көктем мен күзде жауын суын жинап амалдайтындарын айтады. Екі жарым мыңдай тұрғыны бар елді-мекенге ауыз су беру үшін бір емес екі рет қазынадан қаржы қаралыпты. Үйді үйге құбыр кіргізілгенмен миллиондаған теңгенің шарапатын көре алмай отыр.
Берік ЕРІМБЕТОВ, ШАҚПАҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Істелінгенде су артизан болмады да, артизианды қайтадан қазды да екінші рет ақша бөлінді да екінші рет істелді. Екінші істелгеннен бір күн де су берілген жоқ бұл Алғабаста, су болған емес. Әшейін екі рет аударылып, екі рет неткені болмаса су бізде болған емес.
Қамбарбек БЕКПЕНБЕТОВ, ШАҚПАҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Су тартылған, мына жерде жатыр бәрі. Бәрі жарылып кетті сол жылы-ақ. Бір «Әлдекей» деген фирма істеді, кетті. Оның артында сұрауы болған жоқ. Жапты да кетті. Ауыз су бердік деді. Ал біздің мына су тұзды су, іше алмаймыз. Амал жоқ ішеміз.
Аудан атқамінерлері ауыз суға бөлінген қаражатттың қайыры болмауын жер асты суының тартылып кетуімен байланыстырды. Барлау жұмыстары дұрыс жүргізілмесе керек. Соған қарамастан биылдан қалмай Шақпақтың мәселесін шешеміз деп отыр.
Бағдатбек ЖАНҒАЗИЕВ, БӘЙДІБЕК АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Биылғы жылға 17 млн-ға қазір осы сәуір айының басында скважина қазуға жұмыс басталады. Сөйтіп ол биылғы жылы ескі су жүйесіменен халыққа берілетін болады. Ал енді келесі жылға толық реконструкция дейді қайта қалпына келтіру бойынша қайта құрылыс жұмыстары жүргізіледі Шақпақ елді мекені бойынша.
Шенділер Бәйдібек ауданындағы 52 елді мекеннің 11-інде ауыз су өзекті екенін жасырмады. Олардың барлығы кезең кезеңімен шешуді жоспарлап қойған. Ал, жоспардың қалай жүзеге асатыны алдағы уақыттың еншісінде қалып тұр.
А. Төребекқызы