$494.87 €520.65 ₽4.91
×

БҚО еріген қар суы тас жолдарды басып қалды

AstanaTV
25.03.2021ж. 20:00
2013
БҚО еріген қар суы тас жолдарды басып қалды

Батыс Қазақстан облысында күн күрт жылынып, Бөкейордасы ауданымен байланыстыратын көлік жолын су шайып кетті. Жол су астында қалса да, ауыл тұрғындары оны кешіп жүр. Алыстағы аудан түгілі, облыс орталығы Орал қаласындағы жағдай да мәз емес. Қазір шаһардағы коммуналдық мекемелер көшеге жайылған қар суымен алысып жатыр. Ал тұрғындар салғырт мердігерлердің кесірінен осындай әбігерге түскенін айтады. Тілшіміз жалғастырады.

Бұл - облыс орталығынан 500 шақырым шалғайдағы Бөкей Ордасы ауданының жолы. Еріген қар суы грейдерді жырып кеткен. Сақ болмаса, сапарға шыққан жолаушылардың опырылған шұқырға түсіп кетуі де мүмкін.

Ал бұл - Орал қаласындағы тұрғындардың жанайқайы. Олардың айтуынша, былтыр жаяу жүргіншілер жолын салған мердігер жаңбыр мен еріген қар суы ағатын құбыр орнатпаған. Осының кесірінен шалшық су енді үйлерге кері ағып жатыр. Әкімдіктен күдер үзген бұқара тізеден су кешіп жүрген видеоларын жаппай әлеуметтік желіге жүктеп жатыр. Басқа амалы жоқ. Халық сапасыз жолдың кесірінен үйімізді су баса ма деп алаңдаулы.

Бейбіт КЕНЕСАРИН, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Биыл көшеміздегі қарды тазартпады. Әрі асфальт төсегенде суағар да жасаған жоқ. Енді үйден шығудың өзі қиын. Күн тағы жылынса, мына жердің бәрі көл-дарияға айналады. Оған дейін суды азайтып, сорып алып кетсе екен деп тілеп отырмыз.

Қаланы судан құтқаруға кіріскен коммуналдық кәсіпорындардың да жұмысы қарбалас. Өйткені көлге айналған көшеден адам түгілі, көлік әрең өтеді.

Талғат НАУШИН, «ЖАЙЫҚ ТАЗА ҚАЛА» ЖШС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Осы уақытқа дейін екі кезекпен жұмыстанамыз: таңғы сағат сегізден кешкі беске дейін. Екінші кезек - кешкі сағат бестен таңғы сағат сегізге дейін. Осы уақытқа дейін 10 500 куб су тазаланды.

Су басқан көшелерді құрғатуға қол ұшын созған төтеншеліктер мен жеке компаниялар арнайы техникасын беріпті. Ал синоптиктер наурыз айының соңына дейін күннің жылы болатынын айтып отыр. Демек бұл қарбаластың әлі біразға созылары анық.

Е. Карин