Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Алматыда эпид ахуал былтырғы жылмен салыстырғанда 2 есе күрделі

AstanaTV
29.03.2021ж. 20:00
2467
Алматыда эпид ахуал былтырғы жылмен салыстырғанда 2 есе күрделі

Коронавирустың үшінші толқыны басталды. Эпид ахуалы құрдымға кеткен Алматы әкімі тұрғындарға осындай үндеу жасады. Мегаполисте індет жұқтырған науқастардың да динамикасы өсіп жатыр. "Қызыл" аймаққа тереңдей түскен шаһар халқы санитарлық талаптарды бұзып, маска тағуды қойған. Бірақ Бақытжан Сағынтаев "қаланы жабу" жоспарда жоқ дейді. Әріптесім Асылбек Данияр тақырыпты жалғастарыды.

Коронавирустың жаңа штаммына тап болған Алматыда күннен-күнге науқастар саны артып барады. Тіпті, жұқпалы ауруханалардың алдында жедел жәрдем көліктерінің кептелісі пайда болған. Мұны шаһар басшысы да мойындады. Айтуынша, науқастарға арналған төсек-орындардың 75 пайызы бос емес.

Бақытжан САҒЫНТАЕВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Барлық емхана мен ауруханалардың бас дәрігерлерімен  күн сайын байланыста отырмыз. Дегдар көшесінде бір уақытта бірнеше жедел жәрдем көліктері жиналған жағдай болды. Өйткені сол кезде ауруханада бос төсектер көп болған.


Жағдайдың ушыққаны соншалық жедел жәрдем шақыртушылардың қатары 2 есеге өсіпті. Жансақтау бөлімдеріндегі төсек орынның 46 пайызы бос емес. Дені егде жастағы адамдар, деді Бақытжан Сағынтаев. Қала билігі сырқаттанушылық деңгейінің өсуіне "жаңа штамм" түрткі болған деген болжам айтуда. Алматының денсаулық сақтау мамандары коронавирус нәрестелер мен балалар арасында да көбейгенін айтып, дабыл қақты.

Бақытжан САҒЫНТАЕВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Былтырғы жылмен салыстырғанда жағдай 2 есе күрделі. Кеше COVID-19 450 адамнан анықталса, бүгін 510 дерек тіркелді. Бұл жаңа штамның пайда болуынан өсіп отыр. Қазір ауруханаға симптоммен түсіп жатқан адамдар көп.

Өткен тәулікте елде COVID-19-дың жаңа 1500-дей жағдайы тіркелді. Оның 415-і Алматы қаласына тиесілі. Мегаполистегі енгізілген күшейтілген карантин сәуірдің 12-сіне дейін ұзартылған болатын. Ал, коронавирустың "Британдық, оңтүстік африкалық" түрі анықталды деп жарияға жар салған шаһардың санитарлық дәрігерлері қанша науқас шалдыққанын өздері де білмейтін сыңайлы. Жолдаған сауалымыз жауапсыз қалды. Бұдан бөлек, дерттен тіркелген өлім-жітім де көбейді. Кешенің өзінде 20 адам індеттің құрбанына айналған. Тағы 2 науқас пневмониядан бақилық болды. Жағдай бұдлай күрделене берсе Қазақстан әлемнің эпидемиологиялық бағалау матрицасының "қызыл" аймағына кіру қаупі бар.

А. Данияр