Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Еріген қар суы оралдықтарды әбден әбігерге салуда

AstanaTV
30.03.2021ж. 20:00
2365
Еріген қар суы оралдықтарды әбден әбігерге салуда

Еріген қар суы оралдықтарды әбден әбігерге салды. Тұрғындар бұған жол салған мердігерлердің салғырттығын кінәлайды. Өйткені көшені жөндеген кәсіпорын көлік жолының астынан су ағатын құбыр орнатпаған. Осының кесірінен еріген қар суы көшеге жайылып, тіпті үйлерге кіре бастаған.

Үйін су басқан Райхан Тасқалиева мұғалімдік қызметін қазір шелек пен күрекке ауыстырған. Өткен аптадан бері ішке жайылған суды сыртқа тасып, әлекке түсіп жүр. Мұндағы дүние-мүліктің бәрі су тиіп, жарамсыз күйге түскен. Едені опырылып, қабырғасы жарылыпты. Аяқ астынан баспанасынан айрылып, далада қалған ұстаз енді кімнен көмек сұрарын білмейді.

Райхан ТАСҚАЛИЕВА, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Күйеуім де мұғалім, өзім де мұғаліммін. Бірақ мынау мұғалімдер емес, бомждардың үйі сияқты. Бүгін қарайған жұмысымыз қалды. Директор мен завучқа мен бүгін жұмысқа бара алмаймын деп жаздым. Балаларға қосымша сабақ беруім керек еді. Ал мен мына үйде былығып отырмын. Қалай барамын енді? Түнімен жылап ұйықтамай, давлением көтеріліп кетті.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Баспанасына су кірген кезде үй иесі есік алдына мынадай құм салынған қапшықтармен нығыздапты. Бірақ арындап келген суды бөгеуге 65 қапшықтың өзі аздық еткен. Енді үйдің қалған бөлігін аман сақтап қалу үшін әлі де осындай 50 шақты құм салынған қапшық керек. Бірақ үй иелері мұндай материалды қайдан аларын білмей отыр.

Тұрғындардың айтуынша, былтыр көшені жөндеген мердігер жолдың астынан су ағатын құбыр орнатпаған. Осының кесірінен еріген қар суы үйлерге ағып жатыр.

Ермек РЫСҚАЛИЕВ, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

МЧС-тар бізге тек моральдық көмек берді. Тіпті мына қапшықтарды мына жерге әкеліп беруге жараған жоқ. Өзіміздің адамдар зардап шегіп, құлап-сүрініп, өзіміз тасыдық. Машинаны өзіміз жалдадық. Үндемейтін адамдар, жуас адамдар, сүмірейген адамдардың көретін күні осы болып тұр ғой, расы керек! Суға кетіп өлу ғана қалып тұр!

Шағын бизнеспен айналысуды көздеген Әлфияның да ауласы суға толған. Былтыр ұтып алған 500 мың теңге грантқа екі жүздей тауық сатып алыпты. Бірақ шалшық су қораға жайылып, тауықтары қырылып қалған. Бизнесі құрдымға кеткен көпбалалы ана енді гранттың міндеттемесінен қалай құтылатынын түсіне алар емес.

Әлфия ҚАЖЫҒАЛИЕВА, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мирас Рүстемұлы деген әкімнің орынбасары келді. Қолы міне, былай! Арықты бізге ашамыз деді. Ашты, ана жердегі Көшім көшесіне дейін артынан бардық. Қазір мына жерді оямыз, су кетеді, үйге бара беріңіз деді. Міне бәрімізді жіберді. Кетіп қалғанбыз, барсақ арықты жауып тастапты. Арықты жауып тастаған соң, қайтадан суға кеттік. Звондадық, кеше біреуі де келген жоқ. Бір кісі!


Шығынға батып, жүйкесі жұқарған тұрғындар енді жауапты органдарды сотқа береміз деп отыр. Әйтпесе мұндай көріністің келер жылы да қайталануы мүмкін.

Аққали ӘУБЕКЕРОВ, ЗАШАҒАН КЕНТІНІҢ ӘКІМІ:

Бүгін қала әкімінің өзі маған тапсырма берді. Мына Зашаған бойынша осындай қауіп туындаған жерлердің бәрін картаға салып, осы жаз мезгілінде қандай жұмыстар атқаратынымызды жоспарлауға тапсырма берді. Ендігі жылы қар болмайды деуге ешқандай кепіл жоқ қой. Кепіл жоқ! Сондықтан ары қарай осындай жұмыстарды бірге атқаратын боламыз.


Әкімдік өкілдері үй-жайы бүлінген тұрғындарға өтемақы төленеді деп сендірді. Бұл үшін суға кеткен аумақты фото-видеоға түсіріп алып, арыз жазуы тиіс. Бірақ су құрсауында қалған тұрғындар уәдеден гөрі нақты көмек керек деп отыр.

Е. Карин