$488.91 €532.62 ₽5
×

Робот Pepper мектепке барды...

AstanaTV
16.04.2016ж. 20:00
3262
Робот Pepper мектепке барды...

Осы аптада ақпарат құралдары Жапониядағы сөйлейтін робот-гуманоид Pepper –ң Фукусима префектурасына қарайтын Васэда қаласындағы орта мектепке ресми түрде қабылданғанын хабарлады. 

Робот, адамға тән эмоция түрлерінің барлығын дерлік таниды. Мұғалімдер оқушыларды онымен аралсудың мүмкіндігін барынша пайдалануға шақырса, Pepper –ң өзі «»адамдар оқитын мектепке қабылданамын деп ешқашан ойламағанын» айтыпты. Робот-гуманоид жапонша да, ағылшынша да сөйлейді. Сондықтан оны негізінен ағылшын тілі сабақтарында пайдаланбақ.

Әмбебап Pepper роботын шығарушылар өткен жылдың соңында бір айдың партиясы 1 минутта сатылып кететінін хабарлаған. Ал робот арзан емес - қосымшалары мен бағдарламалық қамтамасыз етуі бар, 3 жыл пайдаланғанға 10 мың доллардай кетеді. 

Талдықорғандағы қазақ-түрік лицейінің үздік оқушысы Дінмұхамед Нұрғалидің жасаған роботыPepper сияқты емес, әрине. Бірақ кім біледі, үміттерді түпкілікті үзгізбейтін фундаменттер бар ғой...

Алматыда өткен мектепте оқитын өнертапқыштардың халықаралық байқауынан Ришат Асқарбекұлының репортажы.

Халықаралық «Infomatrix» (Инфоматрикс) компьютерлік жобалар жарысы мектептің жоғарғы сыныбында оқитын балалардың өресін тексеретін ерекше сайыс. Қазақ балаларының ақпараттық технологияда ешкімнен кем емес екендерін дәлелдеуге мүмкіндік. Биыл робот жасау ісі, кино түсіру, ақпараттық бағдарламалау мен өнертапқыштық саласында байқауға 1300 жоба келіп түскен. Бірақ іріктеуден олардың тек 300- таңдап алынып, арнайы комиссияның талқысына ұсынылды.

Бейне-дыбыстық қыстырма: Робот бомба іздеп жүр....

Міне, Дінмұхамед Нұрғали да солардың бірі. Ол - Талдықорғандағы қазақ-түрік лицейінің үздік оқушысы. Сабақтан тыс уақытта робот жасаумен айналысады. Алғыр бала жақында сыныптасымен бірге төтенше жағдай кезінде қолданатын робот ойлап тауыпты. Қашықтан басқарылатын қондырғы қираған ғимарат ішінен адамдарды табуға  мүмкіндік береді. Роботқа орнатылған камерадан жылжымалы wi-fi, яғни роутер арқылы түсірілімді көріп отыруға болады.

Дінмұхамед Нұрғали, өнертапқыш оқушы:

 Қауіпті жағдайда қолданылуға арналған робот. Мысалы жер сілкінсе, тастар құлап, адам өте алмайтын жерлерге осы роботты салып жіберсе болады. Робот камерамен және мынандай қолмен жабдықталған. Ол арқылы біз ақпарат алып, тиісті жерге жібере аламыз. 

Байқаудың іріктеу кезеңінен өткен өзге де қызықты жобалар көп. Мысалы, мына «смарт киіз үйді» туристік мақсатта пайдаланса болады. Алматыдағы №15 мектеп-гимназиясының оқушысы Дилбар Стамбекова ерекше жобаны екі жылда жасаған. Киіз үйге орнатылған қондырғы күн сәулесінен қуат жинайды. Оның маңыздылығы - таудың ішінде орналасқан «ақылды үйге», замануи тұрмыстық техникаларды пайдалануға арзан энергия көзін жеткізу,- дейді оқушы.

Дилбар Стамбекова, өнертапқыш оқушы:

Ақылды киіз үй «SMARTURT» деп аталады. Бұл адам өмірін жайлы қылу үшін және де осы туристтер үшін жайлы болып табылады. Сіз оларға біздің дәстүрімізді, салт- дәстүрді және де бұрынғы өмірімізді көрсете тұра, оларды жайлы жерге қоныстандыра аласыз.

Оқушының пилоттық жобасына туристік компаниялар қызығушылық танытыпты. Бүгінгі байқаудан да жеңімпаз атануға үмітті. Егер өнертапқыш «Инфоматрикс» жобасынан арнайы сертификат пен қаржыға ие болса, жобаны одан әрі  жетілдіруге мүмкіндік туады.

Астанадан арнайы келген Кәмила мен Әлия  адамды ажалдан арашалап қалудың  мүмкіндігін арттыратын ерекше құрылғы ойлап тапқан. Биыл оныншы сыныпты оқитын қыздар жедел жәрдем көлігінен көшедегі автокөліктерге арнайы дыбысты дабылсыз-ақ, хабарлама арқылы беретін жүйені қолданысқа енгізбек. Сандық ресивер арқылы жүзеге асатын жобаны өнертапқыштар отандық көлік құрастыратын зауыттарға ұсынуды жоспарлап отыр.

Кәмила Момынова, өнертапқыш оқушы:

Міне, мынау жедел жәрдем машинасы  келе жатқан кезде, мынау осы жай машиналарға жолды  ашылсын деп осыны басады, яғни  кнопканы және осы екінші машинада осы LCD SCREEN-нан хабарлама шығады. Яғни, осы жүргізуші хабарламаны алғаннан соң  осы жолды ашып береді. Яғни, басқан жүргізушілерде орынды ашады. Және осы біздің жедел жәрдем көмекші машинамыз тез больницаға  немесе  басқа жерге жетіп бара алады. Және адамдардың өмірлерін осылайша құтқарып қалуы мүмкіндігі бар.

Сосын қоғамдағы ең өзекті тақырыптарға қысқа метражды кино түсіріп әкелген оқушылар да фильмдерінің мазмұны мен режиссерлік шеберлігіне қарай бағаланады. Смартфонға тәуелді жастар мәселесін қозғаған қазақстандық оқушылардың туындысы назар аудартты. Бар-жоғы 3,5 минутқа созылатын фильмде  авторлар селфи жасауға құмар, ұялы телефонға тәуелді адамдардың психологиясын бере білген. 

Шараның ең қызықты кезеңі- роботтар сайысы. Шаршы алаңға шыққан роботтар құрастырушының интелектісін анықтауға мүмкіндік береді. Бар-жоғы 5 секунд ішінде шұғыл шешім қабылдап, қарсылатын рингтің сыртына шығарып тастаған робот жеңімпаз атанады.

 

Роботтарды сайыстыру екі күнге жалғасты. Алғашқы күні салмағы жеңіл, жылдам қиымылдайтын ойыншық құрылғылар жарысқа түсті. Ал оның ертесі  белгілі бір тапсырманы орындап, қоршаған ортаға, адамзатқа пайдасы тиетін робот иелері өзара бақ сынады.

Нұрлыбек Сейітқұлов, Сүлеймен Демирель университетінің проректоры, профессор:

Жарыстың мақсаты- қазіргі заманға сай ақпараттық технологияның бағдарламаларды меңгеруге септігін тигізу.

Қазақ елінде білім мен ғылымды игеріп жүрген жастардың қарым-қабілеті жаман емес. Біріккен Ұлттар Ұйымы сілтеме жасаған жастардың әлеуеті мен ой-өрісі сараланған әлемдік рейтингке сенсек, Қазақстан 27-орында.

Сабри Хизметли, профессор:

Менің айтайын дегенім, қазақ балалары шет тілдерге, өнерге, әдебиетке де өте талантты. Басқалармен салыстырсақ, мысалы Еуропада бір бала 4-5 жыл тіл үйренуге уақыт жоғалтады. Бірақ бізде қазақ балалары ол жағынан алғыр. Қытай, Түркияға практикаға бір семестрге оқуға жіберсек, өте қысқа мерізімде сол тілді жоғары деңгейде меңгеріп қайтады.

Сайысқа әлемнің 23 мемлекетінен 100-ге жуық жоба авторлары шақырылған. Олар да қатаң іріктеуден өтіп, қазақ балаларымен бірге жарысқа түсті. Барлық үміткерлерге жобаны ағылшын тілінде қорғау міндеттелген. Жарыстан үздік шыққан қазақстандық 3 оқушы Бірыңғай Ұлттық тестке дейін жоғарғы оқу орындарына түсуге жолдама алды.

Ришат Асқарбекұлы, «Біздің уақыт».