Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

ШҚО мен Павлодар облысында ауылдарды су басты

AstanaTV
12.04.2021ж. 20:00
1658
ШҚО мен Павлодар облысында ауылдарды су басты

Шығыс Қазақстан облысында бүтін бір ауылды су басып қалды. Бородулиха ауданына қарасты Новопокровка ауылындағы 100-ге жуық адам эвакуацияланды. Павлодар облысында да Шілікті ауылында жағдай осыған ұқсас. Еріген қар суы жолдарды да шайып кетті.

Ақтоғай ауданына қарасты Шілікті ауылына еріген қар суы қолайсыздық тудырып отыр. Ауылдағы қора қопсыға қызыл су толған. Абырой болғандар адамдар да, мал басы да аман. Қар суы облыстық маңызы бар автожолды шайып өтіпті.  

Тасқынның салдарынан, бұл елді-мекенге барар жол жабылып қалды. Жол қатынасы 2 күннен бері тоқтап тұр. Төтенше жағдай мамандарының дерегінше, бұл келеңсіздікке су өткізу құбырларының дұрыс салынбауы себеп болған.  

Мейрамбек БАТЫРҚҰЛОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Аулалардағы судың деңгейі 8 см түсті. Үйлерге қауіп төніп тұрған жоқ. Оқиға орнында Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жұмыс істеп жатыр. Судың тасуына жауын-шашынның да әсері болды. Елді-мекен қазір жіті бақылауда.    

Жалпы, судан аймақтағы 28 елді-мекенге судан қауіп төніп тұр. Биыл өңірде қарда қалың түскен. Еріген қар суы шығыс қазақстандықтарды да әбігерге салуда. БородУлиха ауданына қарасты Новопокровка ауылының тұрғындары өз үйлерінен қашуға мәжбүр болды. Әп-сәтте келген қызыл су ауылдағы үйлерді басып қалған. Тұрғындар тек киініп үлгеруге ғана мұршалары болғанын айтады. Өйткені, су деңгейі 30 см-ге дейін көтеріліп кеткен.

БЛИЦ:

- Міне, көрдіңіз бе? Су көтеріліп барады. Барлығын басатын түрі бар.

- Міне, судың деңгейін қараңыз. Қазір кішкене түсті. Сонда да су көлкіп тұр.


Ауыл халқына 86 құтқарушы мен арнайы техникалар жұмылдырылған. Адамдар жергілікті әкімдік пен мектеп ғимаратына орналастырылды. Үй ішіндегі жиналған суды сорғызу жұмыстары жүрді. Қызыл суға бөгет жасауға 700 қапшық инертті материалдар қолданылған. қазір тұрғындар біртіндеп үйлеріне орала бастады.

Жадыра АМАНҒАЛИҚЫЗЫ, ШҚО ТЖД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Құтқарушылар, әскерилер мен жергілікті орган өкілдерінің көмегімен 90 адам құтқарылды. Оның 18-і бала. Қазіргі уақытта аумақ бақылауға алынып, бөгет жасау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Аймақта су басу қаупі бар 418 үй бар. Онда 1,5 мың адам тұрады. Күн күрт жылынып, ауа температурасы +20 градусқа дейін көтерілді. Тасқынның алдын алу мақсатында аулалардағы қар шығарылып, өзен-көлдердегі мұз жару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аймақта 100-ден аса эвакуациялау орыны дайындалды.

Бақытжан БАЙАХМЕТОВ, ШҚО ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
 
Біздегі су мөлшері 4 есеге артса, бұл бүгінгі ауа температурасына сай көрсеткіш. Осылай сағатына 60 куб метр су жібере беретін боламыз. Су біздің облыстан өткенше, Ертістің  жағасына аса жайыла қоймайды. Бұл Семей қаласын су басу қаупінен сақтайды. Шамамен бір апта ішінде су біздің облыстан өтеді - деп болжап отырмыз.

Шығыста қазір Ертіс өзенінен жайылымға су жіберу басталып кетті. Шүлбі су электр станциясынан сағатына 620 куб метр су босатылып жатыр. Осылайша қауіпті сейілтпекші.

Ө. Қуанар