Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Бүгін 700 елордалық отбасыға "Рамазан қоржыны" үлестірілмек

AstanaTV
13.04.2021ж. 20:00
2589
Бүгін 700 елордалық отбасыға "Рамазан қоржыны" үлестірілмек

Бүгін 700 елордалық отбасыға "Рамазан қоржыны" үлестіріледі. Бұл туралы Республикалық "Әзірет Сұлтан" мешітінің имамдары айтты. Ауызашар себеті қаладағы күнкөрісі төмен жанұяларға таратылмақ. Игі шара қолы ашық, жомарт жандардың демеушілігімен қолға алынған. Бұдан бөлек, ниет етіп ауыз бекіткен жандар нені білуі керек? Карантиндегі ораза талаптарын әріптесім Асылбек Данияр айтып берсін.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күллі мұсылман қауымын Рамазан айының басталуымен құттықтады. Президент өз сөзінде, жаһанға қауіп төндірген індеттен сақ болуға шақырды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Өкінішке қарай, биыл да Рамазан айы күрделі кезеңде өтетін болды. Жұқпалы дертті ауыздықтау үшін барлық шаралар жасалуда. Еліміздегі мұсылман жамағатын қауіпсіздік талаптарын сақтауға, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұсынымдарын мүлтіксіз орындауға шақырамын. Біз бұл сынақты ауызбіршілік пен жауапкершіліктің арқасында еңсеретініміз сөзсіз. Тұтқан оразаларыңыз қабыл болсын!


Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Биыл қасиетті Рамазан айы 2-ші жыл қатарынан пандемия уақытына тұспа-тұс келіп тұр. Өздеріңіз көріп тұрғандай мешітте адам саны өте аз. Бұл қаланың бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Әзірге, жекелей намаз оқуға рұқсат, жамағатпен құлшылық жасауға рұқсат етілмейді. Ал, дін өкілдері болса Тарауих намазын тек отбасымен үйде оқуға кеңес береді.


Мешітке келетіндерде міндетті түрде медициналық маска болуы шарт. Әр адамға 2 метр арақашықтықты сақтау талабы қойылған. Сонымен бірге, тұрғындар құлшылығын аяқтай сала мешітті тәрк ету керек.

Бақытжан ӨТКЕЛБАЕВ, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ "ӘЗІРЕТ СҰЛТАН" МЕШІТІНІҢ НАИБ ИМАМЫ:

Құптан намазынан кейін мешіттердің есіктері жабылады және уағыз-насихат жұмыстары онлайнға көшті. Күнделікті "Әзірет Сұлтан" мешітінде сағат 14:30-да және кешке жақын діни басқарманың "Отыз күнге отыз тілек Рамазан" және "Отыз күнге отыз уағыз" тақырыптарда уағыз-дәрістер онлайн форматта болады.


Мешіттер мен асханаларда ауызашар ұйымдастырылмайды. Шектеу шараларына сай отбасылық діни іс-шараларға да тыйым салынған. Ораза ұстаған мұқтаж жанұяларға демеушілер тарапынан бүгіннен бастап "Рамазан қоржыны" таратылады. Онда бір адамның тойып тамақ житіндей азық бар екен.

Бақытжан ӨТКЕЛБАЕВ, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ "ӘЗІРЕТ СҰЛТАН" МЕШІТІНІҢ НАИБ ИМАМЫ:

Осы ауызашар қоржынына ат салысамын, ауыз аштырамын деген кісілер болатын болса, Алла ризалығы үшін біздің есігіміз әрқашан ашық. Немесе ерікті болып сол ауызашар қоржындарын жеткізумен, солай Алланың ризалығы үшін сауапты істе жарысамын ат салысамын деушілер болса, мархабат есігіміз ашық.

Басқарма мамандары коронавирусқа қарсы екпе мен ПТР сынамасын алу оразаны бұзбайтынын айтқан едік. Бүгін Шымкенттік имамдар елге  үлгі болу мақсатында вакцина салдырды.

Денсаулық сақтау министрлігі, денсаулығына шағымы болған адамға, оразаны тоқтатып, медициналық көмекке жүгінген жөн, дейді. Айта кетейін, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы биылғы пітір садақасын жан басына 420 теңге деп бекітті. Қасиетті Қадір түні биыл, мамыр айының 8-нен 9-на қараған түнге тура келеді.

А. Данияр