Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қызылорда облысы тұрғындары малын өріске шығара алмай отыр

AstanaTV
19.04.2021ж. 20:00
2811
Қызылорда облысы тұрғындары малын өріске шығара алмай отыр

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Түгіскен ауылының тұрғындары мал жаятын жер таппай отыр. Себебі, тұрғындардың айтуынша, елдімекен айналасындағы шұрайлы жерді жеке кәсіпкерлер иемденіп алған.  Ал жергілікті жұрт қожайынның рұқсатынсыз ол жерді пайдалана алмайды. Іргедегі суы мол, шөбі шүйгін жайылымға иелік ете алмаған соң төрт түлікті қорада ұстауға мәжбүр.

Жайылымдық жердің жоқтығы шымбайына  батқан халық ашулы. Олардың айтуынша,  ауыл іргесіндегі шұрайлы жерге қалталы азаматтар иелік етеді.   Соның салдарынан  төрт түлік көктен қағылып,  қорада байлаулы тұр.

Әділхан ӘДЕПОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Жайылымдық жердің бәрін сырттан келген адамдар алып алған. Ішкі жайылымдық дейді. Ол 1 км-ге жетпейді егістен қашықтығы, 500-600 метр. Сол қалғаны, төңіректің бәрі сондай.  Қалған жердің барлығын түгел сырттан келген адамдар сатып алған.

Халық "жайылымдық жер тапшылығын әкім-қаралар қолдан жасап отыр" деп налиды. Тіпті тау беткейіндегі шөбі шүйгін жерлерді де «таратып бітті» дейді. Ол аздай, шектік мөлшерде берілетін суға да ортақтасып отырған көрінеді.  

Әбсаттар ЖҰМАНОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Сырттан малы көп адамдар таудың беткейінен, басқа жақтан мың гектарлап жер алған, қоршап алған. Қоршамаса да қарауыл қойған.  Ол жаққа мал кіркізбек түгілі, демалуға рұқсат жоқ. Ал біздің жерге келеді да, қасыңа келіп отырып алады. Қораны қиратады, біреуге 5-10 мал беріп жаяды. Ең соңы мынандай дауға ұласып отыр.  

Халық жерді өзгелерден қайтаруды талап етеді. Бүгін ауылға аудан әкімін шақырып, осы тілектерін жеткізді.   Жақын күндері арнайы жиын өтіп, мәселені шешудің жолдары қарастырылмақ.

Руслан РҮСТЕМОВ, ЖАҢАҚОРҒАН АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Ауылдық жерлердің шекаралық аумақтарын қайта қарау жөнінде облыстық мәслихаттың қарауына ұсынылды. Облыстық мәслихатта жуық арада ол бекиді. Содан кейін, сол құжатқа сәйкес ауылдың шекаралық аумақтары қайта қаралады.


Мәселе мұнымен бітсе жақсы.  Тұрғындарда үміттен күдік басым. "Күштінің арты диірмен тартпаса екен" дейді.  

М. Тоқтасынқызы