Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Елдегі әрбір бесінші ауылда білім беру нысаны ескірген

AstanaTV
20.04.2021ж. 20:00
1845
Елдегі әрбір бесінші ауылда білім беру нысаны ескірген

Еліміздегі әрбір бесінші ауылда білім беру нысандары ескірген. Медицина мекемелерінің жағдайы тіпті мүшкіл. Бүгін Үкіметте ұлт ұясы саналатын ауылдағы мәселелер көтерілді. Премьер-Министр халықтың 41%-і ауылда тұрады, сондықтан тұрғындардың табысын молайтып, инфрақұрылымды жақсарту керек, - дейді. Айтуын айтып-ақ жүрміз, бірақ іс жүзінде бағдарлама жүзеге асып жатыр ма? Ауылдардан неге халық қалаға ағыла көшуде? Сауалдарға тілші материалынан жауап іздеп көрелік.

Ауылдағы ағайынның жағдайы мүшкіл. Ақмола облысына қарасты Минск елді-мекенінде 800-ге жуық халық мекендейді. Олардың жартысынан көбі еңбекке қабілетті. Алайда соның 20% ғана екі қолға бір күрек ұстаған. Қалғандары қорадағы төрт-түлікке қарап отыр. Оның өзі мәз емес. Ал мектептегі ахуалды айтпаса да белгілі. Бірнеше сынып бірігіп оқиды, мұғалім тапшылығы тағы бар. Онсыз да, жарымай отырған халық жол мен интернетке де мұқтаж.

СӘУЛЕ, АҚКӨЛ АУДАНЫ МИНСК АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ауылда интернет жоқ. Балалар аз болған соң барып оқып жүр. Ал ағылшын тілін 60 шақырым жердегі мұғалім онлайн оқытады. Минскке ешкім бармайды қазір. Аз ғана халық, малымен ғана күнелтіп отыр.

Тұрмыс қынжылтқан халық қалаға көшуге мәжбүр. Бұл үйреншікті құбылысқа айналыпты. Ал әлеуметтік нысандардың көркі көңіл көншітпейді. Айталық, наубайхана, мәдениет үйі қаңырап қалған. Былай жалғаса берсе, ауылда адам қалмайды дейді,-жұрт. Ал аудан әкімдігі түйіткілдің барын жоққа шығармайды. Алайда оны шешу жолдары да бар деп отыр.

Жанбота ШАЛЫБЕКОВ, АҚКӨЛ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Негізі халықтың жаппай көшуі, елорда маңында орналасқан аудан болғандықтан орын алып отыр. Кадр тапшылығы жоқ. Ал интернет пен жол мәселесін шешу биыл жоспарда бар.


Иә, аудан атқамінерлер жағдайымыз «керемет» дегенді алға тартады. Дегенмен, Үкімет елді мекендердің қазіргі жай күйін жақсы білетін сияқты. Олар ауылдағы ағайынның жағдайын жақсартуға кірісеміз деп отыр. Инфроқұрылым мәселесін шешу үшін 5 жылда 800 миллиард теңге қазынадан бөлінбек. Бұл 7 млн ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді екен. Сондай-ақ білім берудің сапасын арттыру мақсатында ауылдық жерлерде 5 мың мектепті жаңғырту және 315 жаңа мектеп салу жоспарлануда. Барлық ауыл мектептері білікті педагогтармен қамтылатын болады,-деді экономика министрі.

Әсет ЕРҒАЛИЕВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:


Жалпы ауылдық жерлерді дамытудың кешенді тәсілі 2025 жылға қарай ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын және әл-ауқатын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік ашады. Мәселен, ауыл халқының сумен қамту қызметі 100 пайыз жететін болады.

Министрдің айтуынша барлық ауыл тұрғындары жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізеді. Жергілікті маңызға ие жолдардың 95 пайыз жақсы жағдайға келтіріледі,-деді. Тіпті ауылдық жерлерде 24 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілетінін жеткізді. Үкімет 5 жылда ауыл жағдайын танымастай өзгертуге ниетті. Мұндай уәде бірінше рет беріліп тұрған жоқ. Дегенмен уақыттың еншісіне қалдырайық.

Ғ.Өтемісов