Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Мүмкіндігі шектеулі азаматтар зейнетке 55 жастан шығуы керек, - депутат

AstanaTV
21.04.2021ж. 20:00
2666
Мүмкіндігі шектеулі азаматтар зейнетке 55 жастан шығуы керек, - депутат

Бүгін Парламентте инклюзивті білім беру мәселесі де жан-жақты қаралды. Ондағы мақсат - сапалы білім алуды баршаға қолжетімді ету. Ал бүгінгі күні ерекше күтімді қажет ететін баланың, қатарластары секілді қарапайым мектепте білім алуына не кедергі? Ата-ана қандай қиындықтарға тап болып жүр? Бұл сауалдарға әріптесім Әлішер Өмірзақ жауап іздеді. Сондай-ақ, мәжілісмендер мүмкіндігі шектеулі азаматтарды зейнетке 55 жастан шығару туралы бастама көтерді.   

Астаналық Орынай Айтжанова ерекше күтімді қажет ететін екі бала тәрбиелеп отырған ана. Елде инклюзивті білім беру мәселесі қолға алынғанымен, қарапайым мектепке бала берудің өзі үлкен проблема болғанын айтады. Баласын орналастыра алмаған соң, «Болашақ» корпоративтік қорына жүгініпті. Сондағы мамандардың көмегімен ғана ұлын  елордалық мектептердің бірі үшінші сыныпқа қабылдаған.

Орынай АЙТЖАНОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
2016 жылы АҚШ, Техас штатына жұмыс сапарымен барғанбыз. Балаларды мектепке бірден қабылдады, артық сұрақ та болмады. Кейін Қазақстанға қайтып келіп, мектепке орналастырар да бізде үлкен қиындық туындады. Қабылдау үшін 2 ай жүрдім. Мектепте инклюзиялық білімді мұғалімдер, директорлардың өздері де түсінбеген.

Жалпы Қазақстанда ерекше білім беруді қажет ететін 160 мыңнан астам бала бар. Сапалы білім алуды баршаға қолжетімді ету үшін, бүгін Мәжілісте инклюзивті білім беруге мәселесі бойынша заңға енгізілген өзгерістер мақұлданды.

Нұрлан НЫҒМАТУЛИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Енді инклюзивті білім беруге заманға сай стандарттар енгізіледі. Бұл жолда ерекше білім беруді қажет ететін балалардың тұрғылықты жері ескерілген. Сонымен бірге, аталған балалардың мәртебесі заң деңгейінде толықтай және нақты реттеліп отыр. Сондықтан бұл заң жобасы мүмкіндігі шектеулі балаларға басқалармен бірдей сапалы білім алуға + жол ашатын болады.

Сондай-ақ депутаттар Мүмкіндігі шектеулі азаматтар зейнетке 55 жастан шығуы керек деген бастама көтерді. Ерлан Смайыловтың айтуынша мұндай азаматтардың 63 жасқа дейін жұмыс істеуі денсаулығына салмақ салады. Бірақ берілетін жәрдемақы аз болғандықтан зейнетке дейін еңбектенуге мәжбүр екендерін айтты.

Ерлан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, ҚХП ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:


Олар көпбалалы аналар секілді орташа 55 жаста зейнетке шығу керек. Зейнетке шыққан мүгедек адамдарды зейнетақымен қамсыздандыру тетігі жеке пысықтауды қажет етеді. Мысалы, бүгінгі күні мүгедектік бойынша төленетін жәрдемақыны және қосымша зейнетақының бір бөлігін алуға болады.


Мүгедектер медициналық препараттар мен қызметтерге біраз ақша жұмсайды. Бұдан бөлек, көмекші құрылғыларды сатып алу қажет. Сол себепті олар зейнетке шыққаннан кейін де, еңбек ету құқығынан айырылмауы қажет.   

Әлішер ӨМІРЗАҚ, ТІЛШІ:
 

Сондай-ақ депутат оларды зейнетке шыққаннан кейін де еңбек ету құқығынан айырылмауы қажет дегенді алға тартады. Айта кетейік, бүгінде Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі ересек адамдардың саны 600 мыңнан асады, олардың 15 пайызы ғана қазір жұмыс істейді.

Ә. Өмірзақ