Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісі қудаланып, ақыры жұмыстан шығарылған

AstanaTV
21.04.2021ж. 20:00
2055
Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісі қудаланып, ақыры жұмыстан шығарылған

Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісі, бастықтарынан жылы киім сұраймын деп жұмыссыз қалған. Алты баланың әкесі Ербол Емілжанов тиісті құзыретті орындардан әділдік орнатуды сұрайды. Оның айтуынша, облыстық жедел медициналық көмек станциясының директоры мен оның техникалық орынбасары қарамағындағыларды балағаттайды. Мәселенің ақ-қарасын аймақтағы әріптесім Айжан Қуаш анықтауға тырысты.

Қарағанды облысының тұрғыны Ербол Емілжанов, Майқұдық ауданындағы жедел-жәрдем бекетінде 8 жыл көлік жүргізген. 6 баланың әкесі, қазір жұмыссыз жүр. Пандемия кезінде облыс әкімінің мақтау қағазымен марапатталған ол, киім үшін жұмыссыз қалам деп еш ойламаған. Облыстық жедел медициналық көмек станциясының директоры мен оның техникалық орынбасарынан, «арнайы жылы киім» сұрағаным үшін басым бәлеге қалды деп отыр.  

Ербол ЕМІЛЖАНОВ, ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ КӨЛІГІНІҢ БҰРЫНҒЫ ЖҮРГІЗУШІСІ:

Бізге күздік киімді қашан бересіздер? Бүкіл подстанциялардың бәрі алды. Летний форманың ішінен жылы шалбар киіп жүрміз, - деп айттым. Дұрысын айтып тұр едім, ол кісі менімен вообщем сөзге келіп қалды да боқтап жіберді. Артымыздан директор келді де үш букваға посылать етіп боқтады да, «мен сені уволю»,- деді, маған айтты.  

Осыдан соң директор соңыма түсті дейді ол. Басқа бекетке ауыстырам дегеніне келіспеген соң, жұмыстан мүлдем шығарып жібергеніне ашулы.    

Ербол ЕМІЛЖАНОВ, ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ КӨЛІГІНІҢ БҰРЫНҒЫ ЖҮРГІЗУШІСІ:

Біздің бастықтарға денсаулық министрлігінен ба, Президенттен ба, құзырлы органдардан шара қолдануларын сұраймын. Өйткені бізде қаншама медицина қызметкерлері жұмыстан шығып кетті. Қудалау басталады бізде.

Оның айтуынша, Қарағандыда соңғы бірнеше айда 50- ден астам жедел көмек көлігінің жүргізушісі жұмыстан кеткен. Бірақ облыстық денсаулық сақтау басқармасы, аталған мекеме басшыларына қатысты ешқандай шағым түспегенін айтты. Ал Ербол Емілжановты басқа бекетке ауыстыру қаншалықты заңды екенін білу үшін бүгін еңбек инспекциясына сауал жолдады.

Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВА, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ ЖЕТЕКШІСІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қызметкердің басқа бекетке ауыстырылуы қаншалықты дұрыс екенін анықтау үшін денсаулық басқармасы еңбек инспекциясына сауал жолдады. Алайда негізі жүргізуші басқа қалаға емес, қала ішінде ғана басқа бекетке ауыстырылған, ол негізі ережеге қайшы емес. Бірақ басшыларының этикасына қатысты шағымдарын бізге жазса, арнайы қызметтік тексеру жүргіземіз.

Мына хат бүгін әлеуметтік желіде жарияланды. Облыстық жедел медициналық көмек қызметкерлері, нақтырақ айтсақ дәрігерлер, фельдшерлер, көлік жүргізушілерінің атынан жазылған. Олар басшылардың бейәдеп көрсететінін, соған шара қолдануды сұрапты. ТІЛШІ: Айтпақшы жедел жәрдем көлігін жүргізушілердің айлығына соңғы 5 жылда бір тиын да қосылмапты. Бұны мәжіліс депутаттары көтерді.

Мақсат РАМАНҚҰЛОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ «АҚ ЖОЛ» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Орташа жалақысы шамамен 60 мың теңгені құрайды. Кейбір жерде жедел жәрдем жүргізушілерінің жалақысы 70- 75 мың теңге, 5 жылдан астам уақыт бойы жоғарылаған жоқ. Мектептер мен балабақшалардың техникалық қызметкерлерінің жалақысы шамамен 50 мың теңге.


Жылы киім сұраймын деп жұмысынан кеткен жүргізуші, өзінің қызметіне қайтып оралғысы келеді. Әзірге еңбек инспекциясының жауабын күтуден басқа амал болмай тұр.  

 А. Қуаш