Үндістанда короновирусқа шалдыққандарға арналған ауруханада өрт шығып, жансақтау бөлімінде жатқан 13 науқас көз жұмды. Елдегі ахуал қиындап барады. Соңғы тәулікте 314 мың адам қауіпті індеттің ілмегіне ілінген. Бұл жаһан жұртшылығының арасындағы рекордтық өсім болып отыр. Ауруханалар лық толы, ал қайтыс болғандардың денелерін өртеуге уақыт тапшы.
Махараштра штатындағы ауруханада шыққан өрт 3 сағатта әрең ауыздықталды. Оқиғаның себебі қазір анықталып жатыр. Ал науқастар жақын маңдағы емдеу мекемелеріне ауыстырылды.
Дилип ШАХ, АУРУХАНА ҚЫЗМЕТКЕРІ:
Өкінішке қарай, біздің ауруханада түнгі 3 шамасында алып өрт шықты.Кенеттен кондиционерден ұшқын пайда болып, интенсивті терапия бөлімінде оттегі жеткілікті болғандықтан, барлығы 2 минуттың ішінде аяқталды.
Елде жағдай онсыз да ушығып тұр. Әсіресе соңғы күндері вирус жұқтыру дерегі көбейген. Бір күнде 314 мың адам ауруға шалдығып, әлемдік антирекорд орнады.
Рави МАЛИК, ҮНДІСТАН МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ БҰРЫНҒЫ ХАТШЫСЫ:
8 сәуірде тәулігіне 16000-ға жуық ауру тіркелсе, бүгінде 324000-нан асты.Бұл айсбергтің шыңы ғана. Тексерілмеген,расталмаған немесе симптомсыз жағдайлар көп. Соңғы тәулікте 2263 адамның қайтыс болғаны да бізді алаңдатып отыр.
Қазір барлық ауруханаларда ығы-жығы науқас. Бірнеше күн бұрын Үндістанға 500 тонна оттегі жеткізілген. Бірақ, бұл аз. Өйткені, ауа жетпей деміккендерге 700 тонна оттегі баллоны қажет. Қиын сәтте крематорийлар мен мекемелердің де жұмысы еселенді. Дәрігерлердің айтуынша, вирустың алғашқы толқынында күніне 18 мәйіт шығарылатын. Қазір тәулігіне 80 дене өртеледі.
Джитендер СИНГХ ШУНТИ, МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ БАСШЫСЫ:
Біз күндізгі сағат 16:00-де 60-қа жуық денені өртедік. Сыртта тағы 15 мәйіт тұр өртейтін. Мен күнде көріп жүрген сұмдықты құдай ешкімге көрсетпесін деп тілеймін. 5,15,25 жастағы балалар мен жасөспірімдерді жағып жатыр. Енді үйленген жұбайларды да өртеп жатырмыз. Денелері өртке оранып жатқан көп кішкентай балаларды көргенде жүрегім қан жылайды.
Бұрын бұл жер автотұрақ болған, қазір мәйіттерді өртейтін орынға айналды.
Джитендер СИНГХ ШУНТИ, МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ БАСШЫСЫ:
Басында 24 от болды. Бірте-бірте саны 50-ге жетті. Денелердің көптігі соншалық, бізде отын таусылуға жақын. Біз 30 тонна ағаш әкелеміз, ол тез арада бітеді.Содан кейін тағы 30-ын әкелеміз, ол да бітеді. Жағдай өте нашар, егер осылай жалғаса берсе, 4-5 күнде мәйіттерді жолда өртеуге тура келеді, басқа амал жоқ.
Үндістанда екпе егу 16 –қаңтардан басталған болатын. Осы уақытқа дейін 30 миллион адамға вакцина салынды. Алайда, халық саны бойынша әлемде 2-орында тұрған мемлекет үшін бұл өте төмен көрсеткіш. Бірақ, елдегі базарлар мен сауда орталықтары 1 күнге де жабылған жоқ. Сондай-ақ, той-томалақ, діни мерекелер тоқтар емес. Онан бөлек 1 миллионнан астам адамның Ганг өзенінде жаппай шомылу шарасына қатысуы ушыққан жағдайды одан әрі тығырыққа тіреп тұр.
Л. Қуанышқызы