Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Ақтөбе облысында дала өрті салдарынан ауыл әкімі мен мұғалім қаза тапты

AstanaTV
06.09.2017ж. 20:00
4250
Ақтөбе облысында дала өрті салдарынан ауыл әкімі мен мұғалім қаза тапты

Ақтөбе облысында қайғылы жағдай. Дала өртін сөндіруге шыққан ауыл әкімі мен мектеп директорының орынбасары тірідей өртеніп кетті. Денесінің көп бөлігін күйік шалған тағы бір жұмысшы ауруханада. Оқиғаның мән-жайын Жақсыбек Кемал білуге тырысты.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Оқиға Әйтеке би ауданында болды. Әйке, Ақтасты, Жаңадәуір және Сұлукөл елді мекендерінің аумағында дала өртенген. Оны сөндіру кезінде Сұлукөл ауылдық округінің әкімі оқиға орнына барған. Алайда қалай болғаны белгісіз, жергілікті әкім сол жерде жан тапсырған. Ал мектеп директорының орынбасары ауруханаға жеткеннен кейін қайтыс болыпты. Қазір оқиғаның себебі анықталып жатыр.

Нұргүл Қонақбаева, Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:

Әйтеке би ауданының Сұлукөл елді мекенінен 18 км қашықтықта дала өрті орын алған болатын. Осы оқиғаға қатысты сот медициналық сараптама жұмыстары тағайындалып, ҚР ҚК 292 бабы 2 тармағы бойынша сот алды тергеу амалдары жүруде.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің дерегінше, дала өртінің аумағы 15 мың гектарды құрайды. Ауыл тұрғындары қызыл жалынмен екі күн бойы арпалысыпты. Ал, аудан орталығындағы өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері ереже бойынша орталықтан тысқары жерлерге шыға алмайды. Заң бойынша, дала өртін сол жердегі ауыл әкімдігі ұйымдастыру керек, дейді мамандар.

Халида Есжанова, Ақтөбе облыстық ТЖД бас маманы:

ҚР Азаматтық қорғау туралы заңының 63 бабына сәйкес дала өрттерін, сондай-ақ өртке қарсы қызметтік бөлімшелері жоқ елді мекендердегі өрттерді сөндіруді тиісті аумақта жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.

Қайтыс болған әкім 41-де, ал мұғалімнің жасы 39-да екен. Қазір аудан басшылығы қазір марқұмдардың отбасыларына көмек көрсетіліп жатқанын жеткізді.

Бақытжан Мүлкаев, Әйтеке би ауданы әкімінің орынбасары:

Көмек көрсетіліп жатыр. Қаржылай да қолдау көрсету жағын қарастырамыз.  Адамдарымыз сол жерде. Ал ауруханадағы адамның жағдайы бір қалыпты. Есін жиды. Қазір оны санавиациямен облыс орталығына жеткізу жағын сөйлесіп жатырмыз.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Жыл басынан бері облыста 16 дала өрті болған. Ал адам өліміне алып келген өрт оқиғасы биыл алғаш рет тіркеліп отыр.

Жақсыбек КЕМАЛ