Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Түркістан облысында жайылым тапшылығы шешілмей тұр

AstanaTV
27.04.2021ж. 20:00
2804
Түркістан облысында жайылым тапшылығы шешілмей тұр

Мал бар, бірақ жайылым жоқ. Түркістан облысы Ордабасы ауданының тұрғындары іргедегі атшаптырым телімге төрт түлігін өргізе алмай қиналып отыр. Арнамызға арыз айтқан Амангелді ауылының азаматтары жайылымдық жерді айтпағанда жеке кәсіпкерлер орман қорына қарасты аумақтарды да меншіктеп алды деп шағымданды. Ауылдағы ағайынның жанайқанын, аймақтағы әріптесім Айзада Төребекқызы жеткізеді.

Амангелді ауылының халқы өре түрегелуі бекер емес секілді. Үш жүз үйлі елді-мекенде мал жаятын жер қалмай барады деп шыр-пыр. Айтуларынша, атшаптырым аумақты иемденгендер соңғы кездері жергілікті тұрғындардың малын мұнда маңайлатпайтын болыпты. Білулерінше, бірі бау-бақша егуге, тағы бірі мал жаямын деп заңдастырып алған көрінеді.

Бақытбай МҰСТАФАЕВ, АМАНГЕЛДІ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ауыл болғалы осында жайылады.  Бұрын мына жерде бидай болатын. Қазір енді ол  жоқ, бәрі жекеленіп кеткен.

Аманбай ТҰРҒАНҰЛЫ, АМАНГЕЛДІ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Әр үйден қара малдан шыққанда бес бастан шығады әр үйден, есептей беріңіз, үш жүз үйден мың жарым мал шығады. 200-300 жылқы шығады. 2-3 мың қой шығады. Соның бәрі қайда жайылады? Баратын жайылатын жері жоқ.

 
Жергілікті халық мәселені, әкім-қараларға талай рет айтқанмен, шешуге құлықсыз көрінеді. Жайылымнан тапшылық көрген бұқара жер иесі не өзі қолданбайды, не өзгеге бастырмайды деп ашулы.  
 
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Жерге иелік қылғандар мынадай терең шұңқырлар қазып тастаған. Егістігіне мал түсірмеудің бір амалы осы десе керек. Алайда ауыл азаматтарының бетіне қарап отырған төрт түлігінің қазылған орға құлап жиі мертігіп жататыны жанына қатты батады.

Қыдырәлі ҚҰРМАНБЕКОВ, БАҚТАШЫ:
   
Қазір асфальттың бойында бағып жатырмыз паданы. Ертең не істейміз сонда, қайда барып бағамыз?

Сабыржан НАЗАРБАЕВ, АМАНГЕЛДІ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
   
Мал қай жаққа барады, осылай қысыла берсе мал мүлдем жайылымға шыға да алмай қалады келешекте. Әрқайсысы қара басын ойлап өз өз жерін ала берсе ауылдағы ағайындар не жейді, мал не болады?

Амангелділіктер жеке тұлғалар ауыл шаруашылық қана емес, орман қорындағы аумақтарды да меншіктеп алғанын айтады.

Мақсат БЕЙСЕН, АМАНГЕЛДІ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
                          
Орман қорық жері лесхоздың жері. Бір адам кәсіпкер жеке қоршап алған, 14 гектар жер. Орымдық шөбін орып алады , бізге бермейді. Мал кірсе малымызды қамайды.

Ал ауданның жерге жауаптылары бұл ауылда ортақ жайылым аз емес деп отыр. Есептерінше, 270 гектар жер бар. Оған орман қорындағы осы шамалас аумақты тағы қосты. Бірақ, жайылымды меншіктегендердің нақты қандай мақсатта қолданып отырғандарын ашып айта алмады.  

Берік АЛТЫНБЕКОВ, ОРДАБАСЫ АУДАНДЫҚ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:


Қазіргі таңда біз анықтау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Осы жерде бір екі үш азаматтың жеке және заңды тұлғалардың жерлері бар. Егер біз қазір ол кісілерге ескерту беріліп, алдағы уақытта ол ескертуге қарай іс-әрекеттер өз мақсатында жерді пайдаланбаған жағдайда біз оны аудандық қорға қайтару жұмыстарын жүргіземіз.

Шенді жыл соңына дейін Амангелді ауылының ортақ жайылым жер көлемін 800 гектарға жеткізетіндерін жеткізді. Ал мал өтпес үшін жерді қазып тастағандардың әрекетін заңсыз, деді. Жер қыртысын бүлдіргендер тездетіп шұқырларды көміп шықпаса айыппұл салынады деп қосты. Алайда, халықтың бұдан нәтиже болатынына сенімнен гөрі күдіктері басым.
 
А. Төребекқызы