Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Вирустың таралу қарқыны төмендеді

AstanaTV
27.04.2021ж. 20:00
1618
Вирустың таралу қарқыны төмендеді

Нұр-Сұлтанда Ashyq жобасына қатыспайтын кафе, мейрамханалар мен басқа да шағын кәсіпкерлік нысандарының жұмыс уақыты қысқарады. Бұл туралы бүгін елорданың бас мемлекеттік санитария дәрігері Сархат Бейсенова мәлімдеді. Ал  мобилді қосымшаны пайдаланғандарға кез-келген күні түнгі 12-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат. Қауіпсіз жобаның арқасында кинотеатр, фитнес-клуб, бассейн, театр сияқты көптеген нысандардың жұмысы да жанданады.  

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының дерегінше, елімізде 1658 нысан "Ashyq" бағдарламасымен жұмыс істеп жатыр. Жобаға қызығушылық танытып жатқандар өте  көп. Олардың қатарында қонақ үйлер  мен  жоғарғы оқу орындары да  бар. Бір аптада 5 мың кәсіпкерден өтініш түскен.   Алдағы уақытта  караоке мен банкет залдарына да  арнайы мобилді қосымша арқылы кіруге болады.  

Абылай МЫРЗАХМЕТОВ, "АТАМЕКЕН" ҰКП БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Балалар демалыс лагері, балаларды сауықтыру орталықтары, көрмелер, үлкен сауда орталықтарындағы фудкорттар, жоғарғы оқу орындары, фитнес орталықтар оның ішінде жеке емес топпен айналысатын түрлі спорт көрсеткіштерінің барлық түрлері дайын. Сондықтан, сізден сұрайтынымыз - тапсырма берсеңіз осы түрлердің бәрінде "Ashyq-ты" енгізіп, "Ashyq-ты" әрі қарайда дамуына жол ашу.

Үкімет басшысының орынбасары да жобаның оң нәтиже бергенін айтты.    "Ashyq"-келушілер мен қызметкерлерді қауіпті вирустан  қорғайды. Аурудың таралуына тосқауыл қояды.

Ералы ТОҒЖАНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бағдарлама қоғамдық орындарға кірмек болған 809 ауру жұқтырған және 340 байланыста болған адамдарды анықтады. Сондықтан, әкімдер кәсіпкерлік субъектілеріне "Ashyq" жобасын енгізу бойынша  жұмысты жеке қадағалауда ұстау керек. Шұғыл түрде осы жұмысты ұйымдастыру қажет.


Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, эпидахуал салыстырмалы түрде   тұрақталды. Вирустың таралу қарқыны бәсеңдеді.  Дегенмен  Қазақстан әлі де  - "қызыл аймақта".   

Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Сырқаттанушылықтың апталық өсу қарқыныны наурыз айының соңындағы 46% -дан өткен аптада 8% -ға дейін төмендеуі байқалды. Ал, өлім-жітімнің өсуі алдыңғы аптамен салыстырғанда 30% -дан 8% -ға дейін төмендеді.

Ахуал түзеліп келеді деп, арқаны кеңге салуға болмайды.  Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда облыстарында мониторингтік  топтардың жұмысы сын көтермейді.  Әкімдер жеке бақылауға алуы тиіс.  Сондай-ақ, вакцинациялау жұмыстарында проблема туындамауы керек. Екпе салдыруға  ниеттілер саны күннен күнге артып келеді.  Осы уақытқа дейін 950 мың адам вакцина алған.   

 А. Данияр