Батыс Қазақстан облысы мен Ресей Федерациясының шекарасында тағы да кептеліс. Шекарадан өте алмай иін тірескен жүк көліктерінің саны 700-ге жуықтаған. Жүйкесі жұқарған жүргізушілер шекараға дейінгі 19 шақырымды үш күн, үш түн дегенде әрең жүріп өткенін айтып ашуланады. Олардың арасында кептелісте бірнеше тәулік тұрып, ас-судан тарыққандар да бар. Сондықтан бұл жағдайды жоғары деңгейде реттемесе, мемлекетаралық тауар тасымалы ушыға түспек, дейді ашынған көлік жүргізушілері.
Дархан БЕКЕНҒАЛИЕВ, ЖҮРГІЗУШІ:
Қыстан аман-есен шығып, перевозкалар жаңа басталып жатыр ғой. Ертең оңтүстіктен огород шығады, сол кезде жаңа жүріп жатырмыз-ау дегенде мынадай қиындау жағдай болып жатыр ғой. Қазақстан экономикасына тікелей байланысы бар! Мысалы, қарапайым мысал келтіре қояйын, бір нәрсені әкеліп тұрасың, сол нәрсені жеткізе алмай жатады. Екінші адамың – сенің конкурентің ешкімде жоқ, менде бар дейді де бағасын көтеріп жібереді.
Ал Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің дерегінше, кептелістің күшеюіне ресейлік шекарашылардың жаңа тәртібі себеп болған. Яғни, олардың талабына сәйкес, енді әрбір жүк көлігінің технологиялық өту мүмкіндігі тексеріледі.
Ерболат ҒАЙНЕШОВ, БҚО МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:
Жүкті орналастырғанда міндетті түрде арасында адам өтетіндей 70 сантиметрдей өту мүмкіндігін қарастыру керек. Егер де ол болмаған жағдайда жүкті түгел түсіру арқылы толық тексеруден өтесіз. Соның бәрі уақыт алу себебінен кептеліске әкеп соғып отыр. Қазақстан шекарасы мен Ресей шекарасының арасына 40 көлік сияды. Қалғаны сыймағандықтан, Қазақстан территориясында тұр.
Е. Карин