Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Елорда дәрігерлері екі есе жүктемемен жұмыс істеуде

AstanaTV
29.04.2021ж. 20:00
1789
Елорда дәрігерлері екі есе жүктемемен жұмыс істеуде

Елордада эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз. Қала бір жарым айдан бері "қызыл" аймақта тұр. Бас санитар Сархат Бейсенованың айтуынша, жасөспірімдер мен үлкен жастағы адамдардың арасында сырқаттану көрсеткіші 2 есе артқан. Қазір астанадағы инфекциялық ауруханалардағы орынның жартысынан астамы толық. Неге індетке шалдыққандар азаймай отыр? Жағдайдың қиындауына не себеп? Сауалдарға әріптесім Асылбек Данияр жауап іздеді.

Ел астанасында күніне 600-дей адам коронавирус жұқтырады. Жыл басталғалы қауіпті дерт 26 мың тұрғыннан анықталған. Төсек тартып жатқандардың 80 пайызға жуығы -ересектер. Дәрігерлердің айтуынша, жағдай күн сайын шиеленісіп барады. Былтырғы шілдемен салыстырғанда сырқаттар саны 3 есе көп.

Сархат БЕЙСЕНОВА, НҰР-СҰЛТАН қ. САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:

Коронавирустық инфекциясы бойынша жағдай тұрақтамауының басты себебі - тұрғындардың карантиндік шараларды сақтамауы, атап айтқанда, адамдар көп шоғырланған орындарға бару, бетперде тақпауы және амбулаториялық емделушілердің карантиндік режимді сақтамауы.

"Ashyq" пилоттық жобасына қала бойынша 220 кәсіпкерлік субъектісі қосылған. Олар енді түнгі 00:00 дейін жұмыс істей алады. Қосымша іске қосылғалы 736 ереже бұзу жағдайы тіркелген.  Оның 300-і- індет жұқтыру фактісі. Қала әкімінің орынбасары тұрғындарды карантин талаптарын сақтауға шақырды.

Бақтияр МӘКЕН, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бүгінде елордалық дәрігерлер мен барлық медицина қызметкері 2 есе жүктемемен жұмыс істейді. Коронавируспен күресуге 4 мыңнан астам сала мамандары тартылған. Олар 1 жылдан астам уақыттан бері демалыссыз қызмет етуде. Біз олардың кеңесін тыңдап, карантин талаптарын сақтап, вирустан құтылатын амалдарды орындауымыз керек.

Сонымен бірге, елорданың инфекционист дәрігерлері де халыққа үндеу жасады. Ауруханаға түсіп жатқандардың жағдайы тым ауыр дейді.

Сәуле АТЫГАЕВА, КӨПСАЛАЛЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
 
Шын мәнінде 15 айдан бері коронавирустан емделіп жатқан ауруханада жұмыс істеп жатырмын. Мыңдаған науқасты қабылдап шығардық. Көз алдымда көптеген адам жан тапсырды. Қаңтар айында қайтыс болғандар саны 22 болса, сәуір аяқталмай 104-ке жетіп отыр. Бізге жақындарының денесін алып кетуге келіп жатқандарды көру қиын. Сондықтан, сақтанып жүріңіздер, өзіңіз үшін, отбасыңыз үшін індетке қарсы екпе алыңыздар. Науқастардың көбі екпе салдырмағанына өкініп жатыр.  

Республика бойынша жағдайдың түзелетін түрі жоқ. Өткен тәулікте 2900-ге тарта адам кеселге шалдыққан. Былтырдан бері ауырып жатқандар саны 317 мыңға таяды. Министрліктің ақпаратынша, емдеу мекемелерінде жатқан 760 науқастың хәлі нашар.

А. Данияр