Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығыс шиелене түсті

AstanaTV
30.04.2021ж. 20:00
2735
Қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығыс шиелене түсті

Қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығыс шиелене түсті. Оқиға салдарынан 13 адам мерт болып, 134 адам жарақат алған.Қайтыс болғандардың қатарында балалар да бар. Бұл туралы Қырғыз елінің денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді.  Ал, Душанбеде қанды қақтығыстан 10 адам қаза тапқан. Еске сала кетейік, Қырғыз Республикасы мен Тәжікстан шекарасында екі ел тұрғындары өзара келіспеушілігінің соңы кескілескен шайқасқа ұласқан болатын.  Қос мемлекет арасындағы қанды қырғын туралы әріптесім Бекболат Сатуовтың шолуы.

Жаралылар Қырғыз елінің Баткен облысындағы ауруханаға жеткізіліп жатыр.  Бір күн бұрын қақтығысты тоқтату және әскерлерді шығару туралы келісімге қарамастан, атыс түнде қайта басталған.  Қанды қырғын Қырғыз Республикасының Арқа, Достық және Жастық ауылдарында орын алды.  Қырғыз шекара қызметінің хабарлауынша, тәжік тарапы бірнеше шекара бекіністері мен бекеттерге оқ атқан.  Бұған жауап ретінде Қырғыз елінің арнайы жасағы Тәжікстан аумағындағы шекара бекеттерінің бірін басып алған.

Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров   шұғыл түрде Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізді. Мәселені бейбіт жолмен шешеміз деді.

Садыр ЖАПАРОВ, ҚЫРҒЫЗ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:


Барлық тұрғындар, сондай-ақ саяси күштер мен ақпарат құралдарын арандатушылыққа берілмеуге және араздық отын жақпауға шақырамын. Тәжік бауырларымызбен тіл табысамыз, барлық мәселелерді шешеміз.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та көрші елдер арасындағы шиеленіске қатысты   пікір  білдірді.  Болған жағдайға алаңдаушылық танытатынын жеткізді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қырғызстан мен Тәжікстанның мемлекеттік шекарасындағы қарулы қақтығыс туралы ақпаратты асқан алаңдаушылықпен қабылдадым. Қарулы қақтығысты тоқтату туралы келісімді және екі мемлекеттің уәкілетті өкілдері арасында келіссөздердің басталғанын қолдаймын. Қырғызстан мен Тәжікстан басшылығы даналық танытып, барлық даулы мәселелерді тек қана бейбіт жолмен шешетініне сенімдімін.


Қырғыз-тәжік шекарасының ұзындығы- 982 шақырым.Оның екі ел арасында 500 шақырымы ғана келісілген.  Барлық қиындық осы бөлінбеген жер телімдерінде жатыр,  мемлекеттер арасындағы шекараның қай жерде орналасқанын анықтау мүмкін емес.  Осыдан кейін Қырғыз елінің Баткен ауданының «Головной» елді мекенінде жағдай шиеленісіп кеткен. Ал, саясаттанушылар бұл жағдайды әлі ұзаққа созылу мүмкін дейді.

Ерлан САЙЫРОВ, САЯСАТТАНУШЫ:

Мемлекет тарапынан мынау оқ атуды тоқтату туралы келісім болғанымен, бұның сарқыншағы әлі алысқа барады. Өйткені адам өлімі болып кетті біріншіден. Екіншіден қаншама материалдық шығын болып жатыр.


Қырғыз билігі шиеленісті жақын күндері шешеміз деп отыр. Ол үшін қырғыз және тәжік арнайы қызметтерінің басшылары бейтарап аймақта кездесіп, келіссөздер жүргізген. Тараптар әскерлерді мемлекеттік шекара сызығынан шығаруға келісті.   

Б. Сатуов