«Елдің басын қатырмайық!» Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин, бүгін пленарлық отырыста денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың жұмысына шүйлікті. Министр екпе алғандарға қатысты нақты дерекпен бөлісе алмады. Сондай-ақ депутаттарды отандық вакцинаның күйі де алаңдатады. Өзіміз шығардық деп мақтанғанымызбен, жемісін толыққанды көре алмай отырмыз, дейді. Ал кейбір шенеуніктер өздеріне 15 миллион теңгеден сыйақы тағайындап әлек. Мәжіліс жиынын тындаған әріптесім Әлішер Өмірзақ тақырыпты тарқатады.
Мәжіліс төрағасының ашуын келтірген вакцина алғандар туралы ақпараттың нақты болмауы. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ұсынған ақпаратта екпе алғандар 1 жарым миллионға жуық деп көрсетіледі. Бірақ екінші компонентті, яғни толыққанды алғандар тек 400 мыңға жетер-жетпес. Осының салдарынан түсінбеушілік туады дейді спикер.
Нұрлан НЫҒМАТУЛИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Сіз екі компонент аралығын 21 күн, ары кетсе 45 күн дейсіз. Орынбасарыңыз 90 күн дейді. Әбден шатастырдыңыздар. Дипломыңызды ашып қарасақ, денсаулық сақтау саласын ұйымдастырушы деп жазылған. Ең болмаса, вакцинацияны дұрыс ұйымдастырыңыз!
Министрдің мынадай жұмысымен жыл соңына дейін 6 миллион қазақстандық вакцинацияланады дегеніне депутаттар арасында да сенбейтіндер көп. Ал отандық екпе өз алдына бөлек мәселе. Жамбылдағы вакцина шығаратын зауытқа тағы 1,6 миллиард теңге бөлінгелі жатыр. Депутат Азат Перуашев «өз вакцинасын шығарған 5 елдің қатарындамыз деп мұрын шүйіргенімізбен, оның пайдасын көре алмай отырмыз", -дейді.
Азат ПЕРУАШЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Зауыт әлі салынып жатыр, вакцина шығаратын жер жоқ. Вакцинаға қажетті дүниені бір елден, бөтелкені екіншісінен алып жүреміз, ал үшінші елде құтыға құямыз. Әйтеуір оны араластырғанға су өзімізден. Вакцинаның өзіндік құны туралы мәселе тағы бар. Бірде-бір шенеунік бұл туралы айтпайды. Кей шенеунік өзіне 15 миллион теңге сыйақы тағайындаумен әлек. Қандай жетістігі үшін?
Ал Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев ел экономикасы жақсарады деген болжам жасады. Нұрлан Нығматулин жақсарса халық баға жағынан сезінуі керек дегенді айтты. Дегенмен...
Нұрлан НЫҒМАТУЛИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Қажетті процентті көрсете салғандарыңыздан ешқандай пайда жоқ. Егер өнеркәсіптің, құрылыс индустриясының өсуі туралы айтатын болсақ, онда азаматтарымыз құрылыс материалдарының бағасы бойынша қолжетімді екенін сезінуі тиіс. Бірақ соңғы кезде ондай бізде байқалмайды. Соңғы уақытта өсім барлық бағытта жүріп жатыр. Солай ғой, Бейбіт Бәкірұлы?
Осылай индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов та әріптесі секілді Мәжіліс спикерінің сынына қалды. Бұған дейін бұл ведомства басшысын сапасыз жол үшін Президент те сынға алған болатын. Енді жол салу, оны жөндеу, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, халықтың тұрғын үй жағдайын жақсартуға 884 млрд теңге бөлінеді. Сондай-ақ коронавируспен күреске 265 млрд теңге қарастырылып отыр. Жалпы республикалық бюджет шығыстарының көлемі 1,3 трлн теңгеге артып, 15,3 трлн теңгені құрады.
Ә. Өмірзақ