Биыл екінші жартыжылдықта 836 әкім тікелей дауыс беру арқылы сайланады. Сайлауға мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға сәйкес, біліктілік талаптарына сай келетін 25 жасқа толған кез-келген Қазақстан азаматы қатыса алады. Бүгін Мәжіліс депутаттары Президент бастамалық еткен аудан әкімдерін сайлау туралы ұсынысты мақұлдады. Додаға түсетін саяси партия мүшелері және өзге кандидаттар сайлаушылардың кем дегенде 1 пайызынан қол жинауы керек. Сондай-ақ, әкім болуға үміткер болмаған жағдайда аудан әкімі екі немесе бір кандидат ұсынуға құқылы. Заң жобасына Парламент Мәжілісіне сайлау кезінде саяси партиялардың өту шегін 7 пайыздан 5 пайызға төмендету және барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдеріне «барлығына қарсымын» графасын енгізу ұсыныстары енгізілді.
Нұрлан НЫҒМАТУЛИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Осы заң жобасы тікелей Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтің тапсырмасына сәйкес әзірленді. Онда Президентіміздің саяси партияларға және сайлауда берілетін бюллетенге қатысты ұсыныстары енгізілді. Осының барлығы Мемлекет басшысының саяси жаңғырту бастамаларын заң жағынан қолдауға арналған тағы бір нақты қадам.
А. Данияр