Ауылдағылар ғаламтордың ғажабынан қағылдық десе, желіде желпінген қала жастарының арасында орфографиялық, грамматикалық сауатсыздық белең алып барады. Филологтар алаңдаулы. Бұрын көшедегі баннерлер қатеге тұнып түрса, қазір әлеуметтік желіде өрескел олқылық көп. Оған кім кінәлі? Қоғамның қасіретіне айналған жаппай сауатсыздықты қалай жоямыз? Сауалдарға әріптесім Ғалымжан Өтімісов жауап іздеп көрді.
Интернет адам тіршілігінің ажырамас бір бөлігіне айналды. Жарнама, хат алмасу, пікір білдіру желіні жарып тұр. Бірақ бұл тірлікте тиімді болғанымен, кері әсерінің де бар екеніне көпшілік назар аудармайды. Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін пайдаланатын ватсапп, инстаграмм, фейсбук секілді парақшаларда қазақ сөздері орыс дыбыстарымен өріп жүр. Мұны бәрі жақсы біледі, бірақ түзетпейді. Немқұрайлылық танытады,- дейді филолог Жантас Жақып.
Жантас ЖАҚЫП, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:
Сананы өзгерту қажет, сіз бен біз бір күнде шеше салатын техникалық зат емес бұл. Барлық жерде насихаттау қажет.
Әлеуметтік желідегі сауатсыздық үйреншікті дағдыға айналып бара жатқаны көңіл қынжылтады. Кейбіреулер мұны сленгтердің пайда болып, орыс тілді ортаға бейімделуінен туындаған проблема дейді.
БЛИЦ:
- Жеңіл болады, бәрімізде сол ғой. Тез жазу сияқты. Сынайтындар арасында жолығады. Соған үйреніп кетті ғой барлығы. Кейінгілерге әсер етуі мүмкін, қазір әсер етпейді.
- Ол мектептегі тәрбиеге байланысты ғой. Мысалы менің немерем мына 67-мектепте оқиды. Ішінде қыздар, балалардың барлығы орысша сөйлейді. Сабақты қазақша өткенмен, орысша сөйлейді.
- Өйткені орысша жазып жатып, қазақша сөзді жазатын кезде клавиатураны ауыстыруға ерінеді кейбіреулері, тез-тез жазу үшін қазақша әріптің орнына орысша әріпті қолданып жазады сол деп ойлаймын.
Ғалымжан ӨТЕМІСОВ, ТІЛШІ:
Сауалнамадан байқағандарыңыздай, азаматтардың кейбірі қазақша пернетақтаның жоғын айтса, біраз жастарға қатемен жазу әдетке айналған. Ал аға буын өкілдері, қоғамдық сана өзгермей, тілге деген құрмет артпайды деп отыр.
Үкімет басшылары латын қарпіне көшсек, желіде желімдей жабысқан сауатсыздықтан құтыламыз дегенді алға тартады. Бірақ филологтар мәселе мұнымен де шешілмеуі мүмкін дейді.
Жантас ЖАҚЫП, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:
Әуелі қолданайық, жұрт қалай қабылдайды, содан белгілі болады. Ағылшын дыбысы мен қазақ дыбысының шатасуы болатын шығар. Айталық, -у- дың орнына –w- қойып дегендей.
Жастар орфографиялық, орфоэпиялық ережелерді сақтамайды. Бұған мән беріп жатқан да ешкім жоқ. Тіл шұбарланып бара жатыр. Мәселен, «тормоз ұстау», «зависать ету», «базар жоқ», «құлақтан тебу» сынды жаргондар кең қолданылады. Бұған бей-жай қарауға болмайды. Әлеуметтік желіде қатесіз жазуды өзіңізден бастаңыз, өзгелер сізге қарап сөз түзесін.
Ғ.Өтемісов