Бір-екі жылдың ішінде Түркістанға 2 жарым млн турист келетін болады. Ал халық саны 300 мыңға жетеді. Оған қаланың көркейіп, туристік әлеуетінің артуы негіз болады. Түркі әлемінің рухани астанасында жұмыс сапарымен болған Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді. Елбасы жаңадан ашылған нысандардың жұмысымен танысып, БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді. Онда не айтылды? Әлішер Өмірзақтың материалында.
Түркістанда «Қазақ хандары» мемориалдық кешені ашылды. Түркі әлемінің рухани астанасына жұмыс сапарымен барған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кешеннің ашылу салтанатына қатысып, «Ұлы дала бірлігі» атты капсуланы салды. Мұнда еліміздің барлық өңіріндегі киелі жерлердің топырағы жиналған.
Бұл кешен қазақ хандығының негізін қалаушылардың құрметіне тұрғызылған. 21 қанатты көруге болады, ол-Түркістанда жерленген 21 ханды білдіреді. Ал мынау-"Түркістан музыкалық драма театры". жаңадан бой көтерген мәдени нысан көздің жауын алады. Сәні мен салтанаты келіскен. Мұнда еліміздің ғана емес, шет елдердің де майталмандары жиналған.
Төрт қабатты мәдениет ордасындағы көрермендер залы 510 адамға арналған. Онда «Шаңырақ» миниатюрасын тамашалаған Тұңғыш Президент, артынша ұжыммен кездесіп, жұмысына сәттілік тіледі.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Шаруашылық өсті, жұмыс орындары өсіп жатыр, үй салынып жатыр, балабақша салынып жатыр, бірақ бәрібір адам мәдениетсіз өмір сүре алмайды. Облыс орталығы болған соң оның мәдениеті болуы керек. Уақытысында осында жұмысқа келдіңіздер, құтты болсын!
Елбасы 480 мыңнан астам кітап қоры бар «Farab» кітапханасына, «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорығы аумағында орналасқан этноауылға да барды. Онда келушілер қазақ халқының бай мәдениетімен танысып, көне заттарды қолымен ұстап, көре алады.
Елбасы Түркістан халқының саны алдағы 4 жылда 300 мыңнан асатынына сенімді. Тұрғындарды баспанамен қамту үшін 26 мың пәтер пайдалануға беріледі. Салынып жатқан нысандар да халық игілігі үшін. Түркі әлемінің рухани астанасы атанған шаһарды дамытып-көркейтуді Нұрсұлтан Назарбаев біраз уақыттан бері армандағанын, енді соны жүзеге асыратын уақыттың туғанын айтты.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Енді 1-2 жылдың ішінде 2,5 млн турист келетін болады. Аэропорт салдық, қазір Стамбұлдан 2 рейс келетін болды, жақында Ташкент, Бішкектен келетін болады. Оның үстіне Самарқанд–Ташкент–Шымкент–Түркістан деген теміржол слаатын болдық. Сонда барлық туристік маршруттар қосылып, өңір өркендейді. Жұмыс орны көбейеді, жастарға мүмкіншілік пайда болады.
Жалпы Түркістанның дамуы қарқынды. Оны Елбасының өзі ерекше назарда ұстап отыр. Облыстың дамуына да оң әсері байқалады. Соңғы үш жылда инвестиция көлемі екі жарым есеге ұлғайып, жалпы ішкі өнім 41%-ға артқан.
Ә. Өмірзақ