Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Әлеуметтік қызметкер қарияны қарттар үйіне жіберіп, баспанасын иемденген

AstanaTV
13.05.2021ж. 20:00
2534
Әлеуметтік қызметкер қарияны қарттар үйіне жіберіп, баспанасын иемденген

Қызылжарда әлеуметтік қызметкер зейнеткерді қарттар үйіне жіберіп, екі бөлмелі пәтерін иемденген. Бұл жайында қарияның немересі айтып, дабыл қақты. Оның пайымынша сала маманы әжейді арбауына түсіріпті. Қазір бұл іске қатысты полиция тексеріс бастады. Әлеуметтік қызметкер болса, өзіне шаң жуытар емес. Ол арам пиғылын қалай іске асырған? Әлде зейнеткер шын мәнінде жомарттық танытқан ба? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин біліп көрді.

Сексеннің сеңгірінен асқан Людмила Носик жастайынан темір жолда жұмыс істеп, ерен еңбегі үшін екі бөлмелі пәтерге ие болған. Алайда, жуырда баспанасынан айрылып қалды. Айтуынша, қартайғанда жалғыз қалған қарияны  әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің маманы төрт ай күтіп, үйдегі шаруаға көмек көрсеткен. Артынша зейнеткер денсаулығын оңалту үшін қарттар үйіне көшкен. Ал пәтерінен айырылып қалғанын, үйіне қайта алмай қалған кезде бірақ түсініпті.  

Людмила НОСИК, ЗЕЙНЕТКЕР:

Мен ешқандай құжатқа қол қойған жоқпын. Олар бәрін өздері жазды. Үйге қашан қайтамын деп сұрап едім. Жуықарада, деп жауап берді.

Зейнеткердің немересі Наталья Середа әжесі із-түссіз жоғалған кезде алаңдай бастаған. Екі апта байланысқа шықпаған соң, ол Мәскеуден ұшып келіпті. Құлттаулы есікті көрген соң, бірден құзырлы органдарға шағымданғанын айтты. Олар қарияны қарттар үйінен тауып берген.  

Наталья СЕРЕДА, ЖӘБІРЛЕНУШІНІҢ НЕМЕРЕСІ:

Әжем құжатты өзі толтырмағаны анық байқалады, тек астына қолын ғана қоя салған. Жасына жеткен кісіні алдау қиын емес. Мен әжемнің мүлкін қайтаруды талап етемін.


Ал басы дауға қалған маман, әлі қызметтінде жүрген көрінеді. Бүгінде ол әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінде тіркелген сегіз қарияға жауапты. Сала маманы пәтерге қатысты мәселені заң жүзінде жасағанына сенімді.

Асқар ХАБИБУЛИН, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл маман бізде әлі жұмыс істейді. Құқық қорғау органдарының шешімінсіз мен оны жұмыстан шығара алмаймын. Тексеріс жұмысы аяқталсын. Егер заңсыз ісі дәледенсе, біз оны міндетті түрде жұмыстан қуамыз.

Қазір полицейлер алаяқтық бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын бастап кетті. Айта кету керек, бүгінде әлеуметтік қамсыздандыру мекемесінде қызмет етіп жатқан 78 маман, 500-ден астам қарияның күтімін мойнына алған.

А. Құрманкин