Меккеде үлкен қажылық парызын өтеу шаралары аяқталды. Қазақ жерінен барған 2500 қажы қоштасу тауабын орындаған соң елге жол тартады. Қажылардың алғашқы легі Астана мен Алматы қалаларына 6-шы қыркүйекте қайта бастайды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қажылық миссиясының ақпаратынша, қажылар арасында ауыр науқасқа ұшырағандар жоқ. Қандайда бір оқыс оқиғалар да тіркелмеген. Меккеден Ришат Асқарбекұлы баяндайды.
Ришат Асқарбекұлы, тілші:
Жағалай қоныстанған жүздеген елдің өкілдері осы жазыққа орналасқан. Мина деп аталатын бұл жерде құлшылық етіп, Алладан дұға тілейді. Сосын қажылықтың соңғы уәжіп амалдарын орындау үшін, Меккеге аттана бастайды.
Қажылықтың ең жауапты кезеңі артта қалды. Отандастарымыз Пайғамбар сүннет еткен амалдарды орындау үшін үш тәулік далада түнеді. Биыл Мина жазығынан бөлек Арафат аймағында да құлшылық етушілерге арнайы шатырлар тігіліп, жағдай жасалыпты. Одан кейін қажылар үш күн қатарынан шайтанға тас ату шарасын да ұйымдасқан түрде атқара білді.
Қошай Нәлібаев, қажы:
Еліміздегі әрбір қазағымыз, әр ұлт ұлыс аман болсын! Алла тағала ол кісілерге де қажылыққа келіп, Меккені көріп, тәуіп етуге жазсын дейміз.
Миссия құрамындағы мамандар отандастырымыздың арасында жат пиғылды діни уағыздардың айтылмауын қатаң бақылады. Минадағы кейбір шатырларда Сауд Арабиясында оқитын студенттердің өзге бағытта насихат айтқан деректері анықталды. Арнайы бекітілген имамдар мұны байқап, тез арада шаралар қолдана алды.
Бейбіт Мырзагелдиев, ҚМДБ қажылық миссиясының төрағасы:
Біздер сырттан немесе арнайы бір қажыларымызға уағыз айтып, түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз дегендер болды. Біз оларға ескерту жасадық. Бізде арнайы ҚМДБ бұйрығымен ғана бекітілген уағызшылар барын түсіндірдік. Аллхамдуллила имамдардан өз түсінбегенін сұрап, қажылығын толыққанды өтеп отыр.
Айт күндері қажылар құрбандыққа мал шалды. Меккеде 12 күн бойы қажылық парыздарын орындаған жерлестеріміз бүгін қоштасу тауабын жасады. Ертең қажылардың алды отанға оралады. Оларды Астана мен Алматыға Араб әуе қатынастарынан бөлек отандық әуе компанияларының бірі тасымалдайды.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ