$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Қызылжарда жарты жыл бұрын отырғызылған көшеттер сарғайып барады

AstanaTV
05.09.2017ж. 20:00
2040
Қызылжарда жарты жыл бұрын отырғызылған көшеттер сарғайып барады

Қызылжарда жарты жыл бұрын отырғызылған көшеттер сарғайып жатыр. Көктем мезгілінде шаһардың бірқатар көшелерінде жас шыршалар отырғызылған еді. Әдетте қысы-жазы жасыл болып тұратын қарағайлар енді өзге ағаштармен бірге сарғайып жатыр. Тәжірибелі биолог Владимир Вилковтың айтуынша, көшеттерді отырғызған мамандар арнайы технологияны сақтамаса керек. Себебі жас ағаштарды тамырсыз жұлуға тыйым салынған. Бұған қоса, қарағайлар лас экологияға да өте сезімтал көрінеді.

Владимир Вилков, биология ғылымдарының кандидаты, доцент:

Біріншіден, қарағайды сәуір айында жердің әлі дымқыл шағында отырғызу керек. Екіншіден, ағаштардың биіктігі 1-1,2 метрден аспауы тиіс. Себебі бұл кезде оның тамыры кеңге жайылмай, жинақы болады. Ал екі метрлік ағаштардың тамыры 3 метрге дейін жетеді. Демек, оны басқа жерге апарар кезде көшет тамырының басым бөлігі қиылып қалады. Бұл жағдайда ағаштардың көбі жаңа ортаға бейімделмей, өліп қалады.

Жалпы, бұл мақсатқа қанша қаражаттың бөлінгенін, ағаштарды отырғызу және күту технологиясын білмек болып, қалалық әкімдікке жүгінген едік. Сұрақтан жалтарған жергілікті атқамінерлер 3 күннен бері жауап қайтармады.