Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Атырауда мектептегі күрделі жөндеуге мұғалімдер тартылған ба?

AstanaTV
17.05.2021ж. 20:00
3011
Атырауда мектептегі күрделі жөндеуге мұғалімдер тартылған ба?

Атырауда мектептегі күрделі жөндеуге  мұғалімдер тартылған ба? Әлеуметтік желіде  спорт зал еденіндегі саңылауды бітеп отырған дене тәрбиесі пәні мұғалімінің суреті  тарады. Жазба авторы  білім ғимаратын жөндеуге бюджеттен қомақты қаржы бөлінгенін, солай бола тұра жұмыстың сапасыз жүргізілгеніне наразылық танытады.    Күрделі жөндеуден кейін де жөндеуді қажет ететін тұстарды көрсетеді. Сондай-ақ мектеп басшысының қаржылық қулықтарын әшкерелейді. Бұл ақпарат қаншалықты рас? Мұғалімдер не дейді, мектеп басшысының жауабы қандай? Өңірдегі тілшіміз Базаргүл Нәдірқызының бейнематериалы.  

Әлеуметтік желіде тараған суретте  дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі едендегі саңылауды бітеп отыр. Тағы бірнеше адам матаны жіңішкелеп кесіп,  дайындап беруде. Алайда аумағы ат шаптырым спорт залдың едені әлі де шұрқ-тесік. Күрделі жөндеу жүргізілді деуге келмейді, жәй  сырлай салғанға ұқсайды. Ал орындықтар сол сыры ұшқан күйінде қалған. Дене тәрбиесінің мұғалімі тесік-құтықты бітеуге  2-3 күн кеткенін айтады.   Әлеуметтік желіге мұны  жүктеген   осы мектептің биология пәнінің мұғалімі -Райса Жұмабаева.   

Раиса ЖҰМАБАЕВА, М.БЕКМҰХАМБЕТОВ АТЫНДАҒЫ ОРТА МЕКТЕП  МҰҒАЛІМІ:

5 март күні түсте салтанатты шара болды. Содан кейін алдын ала бүкіл мұғалімдер жағын, жастар жағын шақырған мектепке, спорт залдың еденінің арасы ырсиып жатыр ғой енді.  Соның арасына тряпка алып келіңіз, тряпка тығасыздар деп.  Жаз бойына да ремонт кезінде көп нәрсені көрдік. Жаны ашу деген болған жоқ мектепке. Мектептің  тақталарымыз төменнен сынып келді. +440 млн теңге бөлінген, игерілген. Бірақ ремонт әлі күнге біткен жоқ.

Мектепте күрделі жөндеу жұмыстары былтыр мамыр айында басталып, жыл соңында аяқталған.  Бірақ  440 млн теңгенің жұмысы көзге көрінбейді. Басқасын былай қойғанда, тіпті есікте тұтқа жоқ.  Мата қыстырып қойған.  Еден жиектері мен кафельдер сынып жатыр.  Айналдырған үш айға шыдас бермеді дейді мұғалімдер.   Ал мектеп басшылығы құрылыс компаниясымен келісе отырып, спорт залды жөндеудің есебінен  ғимараттың кіре берісін жаңартып, жылу жүргізгенін айтады.  
 
Айымгүл САЛЫҚОВА, М.БЕКМҰХАМБЕТОВ АТЫНДАҒЫ ОРТА МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:


Дене шынықтыру пәнінің бір мұғалімі ұсыныс жасады. Еденнің көрікті болу үшін. Одан әрі жақсарту мақсатында бір екі саңылау болды. Сол саңылауды, апай, бітеп тастасақ қайтеді,- деп, соны ғана өз еріктерімен  2-3 жердің саңылауын бітеді. 24 ай ішінде  кейбір қалпына келтіретін жұмыстарды қайтадан  қалпына келтіруге болады.

Биология пәнінің мұғалімі  Раиса Жұмабаева күрделі жөндеуден бөлек те  мектеп директорының заңсыз әрекеті жетеді,- дейді. Айтуынша, директор мұғалімдерге қосымша білім беру бойынша  жарты ставка   қосып беріп, оның ақшасын ай сайын    жинап алуды әдетке айналдырған.  Осыны айтып шағымданған мұғалім  құзырлы орындарға   арызданыпты.

Раиса ЖҰМАБАЕВА,  М.БЕКМҰХАМБЕТОВ АТЫНДАҒЫ ОРТА МЕКТЕП МҰҒАЛІМІ:

Үкіметтің ақшасын талан-таражға салып отыр. Мұғалімдерді қалай солай жасалмаған жұмысқа табель арқылы жұмысты бекітіп,  сол ақшаны мұғалімнің банкоматына түскен ақшаны өзіне алуға мәжбүрлеп отыр. Көп кісі береді мектепте.
«Допольнителный берем саған, сен оның  ақшасын сенің картаңа түседі маған әкеп бересің»,- деген. Оның менің жазған арызымда  қойын дәптерінде белгілеп отырғаны бар.


Мектеп директоры мұнымен де келіспейді. "Кітапша маған тиесілі емес, ешкімнен ақша алған жоқпын" деп отыр.   Қазір құзырлы органдар мұғалімнің арызы негізінде  тексеріс жүргізуде.  Бірақ сонда да басшы  мен ұстаз арасындағы текетірес бітер емес, бірі біріне берілмей тұр. Директор "жазықсыз екенім дәлелденсе, мұғалімді сотқа берем" - дейді.   

 Б. Нәдірқызы