Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Петропавлда базарға келетіндер тұрақ үшін таласып жүр

AstanaTV
19.05.2021ж. 20:00
1771
Петропавлда базарға келетіндер тұрақ үшін таласып жүр

Базарға келетін петропавлдықтар тұрақ үшін таласып жүр. Көлік жүргізушілері көше бойында көлікті қоюға тыйым салатын жол белгілері қаптап кеткенін айтып, шағымданды. Полицейлер көліктерді неге бөгеп тастаған? Билік өкілдері орталықта кептелген көліктерді қалай тарқатпақ? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин біліп көрді.

Петропавлдағы негізгі төрт базар мен жеті сауда үйі орталыққа бір жерде шоғырланған. Ал ол маңда тегін автотұрақтар жоқтың қасы. Осының кесірінен көлік жүргізушілері күнде тұрақ үшін таласатындарын айтады. Орын тапшы болған соң, жол ережесін бұзуға мәжбүр боламыз дейді.  

Борис НИЧАЕВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Автотұрақ бізде тапшы. Көлік қоятын орын таппай, үлемі айналып жүресің. Мұндағы тегін жерлердің басым бөлігіне саудагерлер өздері қойып алады. Ал қарапайым тұтынушылар үшін жеке орындар қарастырылмаған.

Александр ПЛОТНИКОВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Мына біз тұрған Тоқсан би көшесінің бір жағында ғана көлік қоюға рұқсат. Ал Интернационал, Астана мен Бөкетов көшелерінің жан-жағынан көлікті тастауға тыйым салынған. Сондықтан бос жерлерді тұрғын үйлердің алдынан іздейміз немесе жол белгісінің астына қоюға тура келеді. Кейде айыппұлға да ілігіп қаламыз. Амал жоқ.


Ортақ талапқа сәйкес жолдың жалпақтығы кем дегенде алты метр болуы тиіс. Ал базар айналысындағы көшелер тар болған соң, тұрақты ұйымдастыруға мүмкіндік жоқ, дейді полицейлер. Жол бойында белгілерді іліп тастаған тәртіп сақшылары, ең алдымен жол қауіпсіздігін ойлау қажет, деп санайды.

Сергей БРЫКСИН, СҚО ДП КӨЛІК ИНСПЕКТОРЫ:


Базар тұтынушылары бос орын таппаған соң, көліктерін тұрғын үйлердің арасында тастап кетеді. Бұл маңайдағы тұрғындардан көп шағым түседі. Я болмаса, жол белгілерінің астында қалдырып кетеді. Ондайларды әкімшілік жазаға тартуға мәжбүр боламыз. Автотұрақ мәселесін жергілікті әкімдік шешу керек. Базар айналасындағы жолдар кеңейтілмегенше, жол белгілері алынбайды.


Бұл мәселені осыдан екі жыл бұрын қолға алған жергілікті билік өкілдері әзірге тұрғын үйлердің ауласымен айналысып жатқандарын хабарлады. Айтуларынша, базар маңайы күн тәртібінде қарастырылып жатқан жоқ.

Әсем АЙТУЛОВА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІ ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
 
Тұрғындардың өтінішіне сәйкес қазір Петропавлда тегін автотұрақтар орнатылып жатыр. Өткен жылы 45 автотұрақ орнатылды. Ал биылғы жылы 50-ге жуығын орнатамыз деген жоспар бар. Оның ішінде базар маңы жоқ.


Сөйтіп, әкімдік базарды әзірге назарға алмай отыр. Демек, тұрақ үшін талас жақын арада тыйылар емес. Айта кету керек, бүгінде тек Қызылжардың өзінде алпыс мыңға жуық темір тұлпар тіркелген. Ал ресейлік көліктерді қосқанда бұл сан жүз мыңға дейін жетуі бек мүмкін.

А. Құрманкин