Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Қарыздан құтылу үшін бүйрегімді сатамын – көпбалалы ана

AstanaTV
20.05.2021ж. 20:00
5040
Қарыздан құтылу үшін бүйрегімді сатамын – көпбалалы ана

Қарыздан құтылу үшін бүйрегімді сатамын.  Қызылорда қаласының тұрғыны, көпбалалы ана амалсыздан осыған баруға мәжбүрмін дейді.  Кредит кеңірдектен, өсім пұл алқымымнан алды деп жылайды ол.  Келіншектің бұл тірлігі қаншалықты заңды? Елімізде ағзасын сататындар көп пе? Мамандар не дейді?  Мәселені Бекболат Сатуов зерттеді.

31 жастағы келіншектің алты баласы бар.  Жұмыссыз. Жолдасының табысы ішіп-жемнен артылмайды. Сондықтан  әйел шиеттей бала-шағаның кем-кетігін түгендеймін деп жүріп қарызға белшеден батқан.Оны қайтара алмайды. Берешегін сұрап күнде біреу келеді.  Бар амалы-бүйрегін сатып, қарыздан құтылмақшы. 

ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Себебі күнде келіп жаңағы кісілер үйді мазалайды. Тіпті кішкентай бір жасар қызымды да, бізге бер, бізге отказ жазып бер деп айтты. Иә, баланы маған бер, ақыры төлей алмайсың дейді. Кім баласын қиып береді. Айтыңызшы, ешкім баласын қимайдығой қандай жағдай болмасын. Сомен қатты налыдым.


Келіншектің айтуынша, ағзаға қара нарықта сұраныс бар.  Күнде хабарласып, бүйректі саудалайтындар көп.

ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жеті милион теңге деп айттым. Маған бір кісі хабарласып,баласының бүйрекке зәру екенін айтып, тегін беруін сұрады. Мен оны тегін беретіндей өлейін деп жатқан жоқпын ғой. Тегін беріп кетем дейтіндей. Өзім амалсыз, мұқтаж болып тұрмын қарызға. Ренжімеңіз дедім. Ақыға ғана дедім. Одан кейінде бірнеше адамдар звандады.

Ranker.com сайтының мәліметі бойынша, қара базарда бүйректің бағасы АҚШ–та- 200 мың доллар. Ал Қытай мен Үндістанда бұдан сәл арзан.    Барлық елде де бүйрекке сұраныс жоғары.

Нұр-Сұлтандағы транспланттау орталығының мәліметінше, бүйрек жетіспеушілігімен есепте тұрғандар саны үш мыңнан асады. Өкпе, бауыр, жүрекке де сұраныс жоқ емес.

Орталықта ағзаны ауыстыру тегін жүргізіледі. Ол үшін донорларға   ақша төленбейді. Тек заңды жолмен, тиісті талаптармен ғана қабылданады.  Ал өз еркімен дене мүшесін  саудалағандар жазаға тартылады.

Нұрділдә ОРАЗ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ КЕҢЕСШІСІ:

Адамның ағзалары мен тiндерiн алуға мәжбүрлеу немесе заңсыз алу фактілері Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 116-бабы бойынша тергеледі.Дәл осы қылмыстар абайсызда жәбiрленушiнің өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан жағдайда немесе мұны қылмыстық топ жасаған болса, сегіз жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.


Психолог мамандардың пікірінше, қаржылық қиындықтар туындаған кезде адамның  мінез-құлқы  өзгереді. Бұл оны түрлі әрекетке итермелеуі мүмкін дейді.

Лимана ҚОЙШИЕВА, ПСИХОЛОГ:

Бірінші мысалға айтатын шығармыз, шарасыздық деп. Ал екіншіден мен өзім ойлаймын, ол өзін-өзі құнсыздандыруы. Өмірдің, ол үшін құнды дүние жоқ деген секілді. Қазір бар ғой құндылықтардың өте төмендеп кеткен уақытысы деп, айтып жатырмызғой. Бұл да бір соның түрі деп айтуға болады.


Қанша жерден жоқшылық жағадан алып, өсім пұл аяқтан тартса да заңсыз әрекетке жол жоқ.  Жаза ауыр. Бірақ оны ешкім ескермейтін секілді.  Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, адам ағзаларын саудалау  бойынша өткен жылы 57 қылмыстық іс тіркелген.  

Б. Сатуов, М. Тоқтасынқызы