$487.37 €532.94 ₽5.09
×

Тобыл өңірінде мамонттың азу тісі табылды

AstanaTV
04.09.2017ж. 20:00
3678
Тобыл өңірінде мамонттың азу тісі табылды

Тобыл өңіріндегі Құсмұрын көмір тілімінен мамонттың азу тісі табылды. Палеонтологиялық  құндылық - облыстық өлкетану музейдің  қорына тапсырылды. Алып жануардың азуы көмір қазу кезінде табылған. Тасқа айналған  көне қалдықты кәсіпорынның техникалық директоры Антон Филиппов музейге алып келген.

Қызметкерлерінің айтуынша, азу тістің салмағы шамамен 60 келіге жуық. Көмір тілімінен табылған ірі тіс 18-20 мың жыл бұрын аймақты мекендеген жүнді мамонттарға тиесілі болуы мүмкін. Бағзы дәуір фаунасынан сыр шертетін экспонат енді музей қорында сақталады. "Жарық пен оттегі әсерінен бүлінбес үшін, арнайы химиялық құрамдармен өңделеді", - дейді мамандар.

Андрей Андрющенко, Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің  бөлім жетекшісі:

Жүнді мамонт қалдықтары біздің жақта жиі кездеседі. Соған қарағанда, алып жануарлар біздің  аймақта көп болғанға ұқсайды. Алайда, көне қалдықтардың көбі нашар сақталған. Ал көмір тілімінде табылған азу тісті арнайы өңдеуден өткіземіз. Егер экспозициялық құндылығы тәуір болса, келушілер назарына ұсынылады. Ал, нашар болса, әрмен қарай зерттеліп, музей қорында сақталады.