Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Алматыда қараусыз қалған велотрек қайта жаңартылады

AstanaTV
25.05.2021ж. 20:00
1042
Алматыда қараусыз қалған велотрек қайта жаңартылады

Алматыда жылдар бойы жұмыс істемей тұрған велотрек қайта қалпына келтірілмек. Қараусыз тұрған нысан «Астана Моторс» компаниясының қолдауымен күрделі жөндеуден өтуде. Жаңарту жұмыстарына Ресейлік мамандар да атсалысуда. Қазақстан велосипед спорты федерациясының өкілдері, жаңа спорт алаңында балалар мен жасөспірімдер тегін жаттығады, олардың арасынан болашақ чемпиондар шығуы мүмкін дейді.

Орталық саябақтағы бұл велотрек 1980-ші салынған. Аумағы 1 гектардан асатын нысан ұзақ жыл қараусыз қалғандықтан, әбден тозған. «Астана Моторс» компаниясы оны қайта қалпына келтіруді қолға алыпты.  Жөндеу жұмыстарына шетелдік мамандар да тартылған. Олар ең озық технологияларды қолданып, велотректі жаңа түрге енгізбек.

Нұрлан СМАҒҰЛОВ, ҚАЗАҚСТАН ВЕЛОСИПЕД СПОРТЫ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Жөндеу кезінде мұндағы бетон жабыны толығымен алып тасталынады. Сөйтіп жаңасы қойылады. Еліміздегі велоспортты дамытып жатқанымызға қуаныштымын. Дарынды балалардың дамуына жағдай жасап, таланттарының ашылуына мүмкіндік жасағымыз келеді.

Спорт алаңын қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.  Балалар мен жасөспірімдердің тегін жаттығуы үшін құрал-жабдықтар қамтамасыз етілген, қазірдің  өзінде 66 велосипед сатып алыныпты. Сондай-ақ бұл спорт түрі жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасына енгізілмек. Бұл еліміздегі 4 пен 18 жас аралығындағы балаларға велоспортпен тегін шұғылдануға мүмкіндік береді.

Ерлан ҚОЖАҒАПАНОВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Президент өз жолдауында Үкімет пен жергілікті әкімдіктерге балалар мен жасөспірімдер спортын қолдауды тапсырған. Соның негізінде жан басына шаққандағы қаржыландыру механизмін енгіздік. Қазір 71 спорт түрін жобаға алып отырмыз. Балаларға арналған велоспортты да осы тізімге енгіземіз. Нәтижесінде велоспортпен шұғылдану балалар үшін тегін жүргізіледі.


Велотректен бөлек «Халық Арена» спорт кешені аумағында BMX саябағының құрылысы басталды.  Онда экстремалды спортшылар   өз шеберліктерін шыңдай алады. Федерация басшылығы бұқаралық және балалар спортын дамыту бағдарламасы аясында елімізде осындай 13 саябақ салуды жоспарлап отыр.  

Ә. Лесбек