Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Шалғайдағы елді-мекендер ұялы байланыс пен интернеттің тауқыметін тартып отыр

AstanaTV
31.05.2021ж. 20:00
2340
Шалғайдағы елді-мекендер  ұялы байланыс пен интернеттің тауқыметін тартып отыр

Байланыс аясынан тыс жер. Қостанай облысының шалғай елді-мекендері  ұялы байланыс пен интернеттің тауқыметін тартып отыр. Соның салдарынан балаларымыздың  білімі төмен, ал шаруалар заманауи техниканың игілігін көре алмай отыр, дейді Үштоғай ауылының тұрғындары. Айтуларынша аудан  шенеуніктері  мәселені шешуге асығар емес. Жұртшылықтың жанайқайын  Заңғар Санай жеткізеді.

Интернет  ауылдағы мектепте ғана бар.Бірақ оның өзі сын көтермейді. Жылдамдығы мардымсыз. Жұмыс өнбейді. География пәнінің мұғалімі Жігер Арыстанбектің айтуынша,  мұғалімдер күні бойы компьютерге телмірсе де,  электронды күнделік толтыра алмай, әбігерге түседі.

Жігер АРЫСТАНБЕК,  ҮШТОҒАЙ НЕГІЗГІ ОРТА МЕКТЕБІНІҢ МҰҒАЛІМІ:


Кейде бір-екі күн интернет болмай қалатын уақыттар болады.Оқушыларға қосымша сабақ беру барысында біздің кешкі 8, 9 тіпті 10-ға дейін қалып қоятын уақыттар болады.

Ал оқушылар үшін ғаламтор -арман.  Интернеттің игілігін көре алмағандар амал жоқ,  жазғы каникул кезінде  қалаға немесе  ұялы байланысы бар өзге ауылдағы туған-туысқа барып, білімін жетілдірмек.
 
Дәмір  ҒАЗЕЗ, ҮШТОҒАЙ НЕГІЗГІ ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫСЫ:

Интернет бізге өзіміздің білімімізді жетілдіруге және басқа да өтпеген тақырыптарды үйреніп, өскенде жақсы маман болғанымызға көмектеседі. Сондықтан мен ғаламтор болғанын қалаймын.

Ауыл тұрғыны Бексұлтан Сәндібеков бұл мәселені құзырлы орындарға жеткізіп, барлық жиын-басқосуда көтеріп жүр.  Шаруашылық басшысы ретінде кейбір материалдық шығынды өз қалтасынан төлеуге де дайын.  Себебі, байланыс оған да керек.  Шаруа қожалығы жыл сайын  25 мың гектар алқапқа дән себеді. Заманауи техникалары да бар. Бірақ ол машина-трактор  түгел қаңтарылып тұр. Интернетсіз жүрмейді.

Бексұлтан СӘНДІБЕКОВ, ШАРУАШЫЛЫҚ  БАСШЫСЫ:

 
Қазіргі кезде фермер деген қорада жүретін адам емес. Компьютердің алдында да отырып жұмыс істейтін адам. Жаңа техника алдық. Оның жемісін дұрыстап көре алмаймыз интернет болмағасын. Спутник арқылы жұмыс істейтін көп заттар бар. Жаңа фермерлерге арналған бағдарламалық қамтасыздандырулар бар.

Тек Үштоғай емес, осы маңдағы тағы  3 елді мекеннің жұрты ұялы байланысты тағатсыздана  күтіп отыр.  Амантоғай мен Дәмді ауылының арасында  интернет мүлдем ұстамайды.    Сондықтан бұл аралықта жол жүру қауіпті, көлік бұзылса, айдалада хабар- ошарсыз қаласың-  дейді көпшілік.


БЛИЦ:
    
- Машина тұрып қалса, хабарласа алмайсың. Көлік шақырта алмайсың. Біз қыста жүреміз. Болады ондайлар. Тұрып қаламыз мына жерде.
- Ақтүтек боранда телефонмен құтқарушыларды, жедел жәрдем қызметін шақырта алмайсың. Жол сонысымен қауіпті.  

Жергілікті әкімдіктегілердің айтуынша,   ауыл халқы санының аздығына байланысты Үштоғай  елді-мекені былтыр «250+» бағдарламасына енбей  қалған.

Есілхан  ТӘШІМОВ,ҮШТОҒАЙ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:


2020 жылдың басында халық саны 250-ге жетпеген. Жыл ішінде адамдардың келуімен, есепке отыруымен толықты да 2020 жылдың 1 қазанында бізде 286 адам болды. Осы бағдарламаға енгізу жайында хаттар жолданды жоғары жаққа. Ол 2020 жылдың аяғы болғандықтан облыстан жауап келді. Жылдың аяғы болғандықтан 2020 жылға сіздер енбей қалдыңыздар деген.


Аудан басшылығы мобильді байланыс мәселесі  жыл соңына дейін шешімін табады деп сендірді. Егер Үштоғайға ұялы байланыс орнатылса, онда жақын жердегі тағы үш ауылдың  мыңнан астам тұрғыны да  оның игілігін көреді.  

З. Санай