$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қызылжарда теректің мамығынан от тұтанып, баспахана мен жер үй өртенді

AstanaTV
09.06.2021ж. 20:00
1470
Қызылжарда теректің мамығынан от тұтанып, баспахана мен жер үй өртенді

Қызылжарда  теректің мамығынан от тұтанып, баспахана мен жер үй өртенді. Абырой болғанда, құтқарушылар тілсіз жауды  дер кезінде ауыздықтап, адам шығыны болған жоқ. Өңірде  мамықтың кесірінен екі күннің ішінде 50  өрт оқиғасы тіркелген.  Қаладағы ағаштар мақта шашып, тұрғындарды ақ үлпілдек әлі де әбігерге салып жатыр.  Төтенше жағдай қызметі мамандарының айтуынша, әдетте балалар мамықты қызық көріп, өртейтін көрінеді.

Дмитрий РАСТИХИН, СҚО ТЖД ӨРТТІ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:


Мамықты жұрт ақ оқ дәрі деп айтады. Мамықтың кесірінен Ахременко көшесіндегі баспахана өртенді. Ішіндегі қондырғылар мен шатыры жанып кетті. Ғимаратты сақтап қалдық. Ал атқыштар дивизиясы көшесіндегі жер түгел өртеніп кетті. Қос жағдайда мамықты кімнің өртегені белгісіз. Күдіктілерді полиция іздестіріп жатыр.

Жергілікті билік өкілдері мамықты құрту мәселесін бірнеше жылдан бері шеше алмай келеді. Жарты ғасыр бұрын егілген теректер  бірте-бірте шіріп жатыр. Сондықтан қалалық әкімдік көше бойында қаусап тұрған ағаштарды кесіп, орнына қайың-қарағайлар егуде. Осылайша   мамықтан да құтыламыз дейді.

Әсем АЙТУЛОВА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:


Биылғы жартыжылдықта біздің қалада 150 терек ағашы кесілді. Олардың көбі апатты жағдайда болды. Біразы қала көшелерінде кесілді, қалғаны тұрғындардың өтініштері бойынша. Одан бөлек теректің мамығы көп көшелерде арнайы су себіліп, ол алынып тасталады. Жалпы су себу бойынша барлық жұмыстар айдың соңына дейін жоспарланып отыр.


А. Құрманкин