Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қазақстанда заңсыз қоқыс тасталған 2,5 мың аумақ анықталды

AstanaTV
15.06.2021ж. 20:00
2647
Қазақстанда заңсыз қоқыс тасталған 2,5 мың аумақ анықталды

Ғарыштық мониторинг нәтижесінде Қазақстанда заңсыз қоқыс тасталған 2,5 мың аумақ анықталды. Оның себебі заңды полигондардың ақылы болуы. Қоқысқа бола ақша шығарғылары келмейтін азаматтар қала сыртына, көзге таса жерге тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын төгіп кетеді. Әзірге ешқандай заң мен айыппұл бұған тосқауыл болмай тұр. Ал заңды полигондардың 80 пайыздан астамы  экологиялық және санитарлық талаптарға сай емес. Толығырақ тілшіміз Ақбота Базарбай айтады.  

Ел аумағында жылына 700 миллион тонна қоқыс қалдықтар жиналады екен. Оның 250 миллионы адам денсаулығына қауіпті, яғни улы заттар. Жауапты министрлік, қоқыстардың көзін жою жолдарын тапқан сияқты. Олар енді қалдықтарды өртемекші.    

Мағзұм МЫРЗАҒАЛИЕВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ, ГЕОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІ:


Түзілген қатты тұрмыстық қалдықтар көлемін айтарлықтай қысқарту үшін заңнамалық деңгейде «Waste to Energy» тетігі енгізілді. Бұл жерде қалдықтарды жағу арқылы электр энергиясын өндіріп, жаңартылған энергия көздері секілді, ортақ электр желісіне беру көзделген. Қоқыс жағатын зауыт салу үшін 6 қала анықталды. Биыл 14 мамырда аукциондық сауда-саттыққа қатысушылар тізіліміне енгізу үшін құжат қабылдау басталды.

Қазір республикадағы заңды жұмыс істеп жатқан қоқыс полигондары 3 жарым мыңнан асады. Бірақ оның 3 мыңға жуығы экологиялық және санитарлық талаптарға сай емес. Маңына жолап кетсеңіз иісі қолқаны қабады. Онымен күресу мүмкін емес - дейді Бас қалада орналасқан қоқыс полигонының маманы.

Қаламқас КҮЛІМБАЕВА, ИНЖЕНЕР-ЭКОЛОГ:

Жинауы бар, транспортировка- жүктелуі осында әкелуі бар, оны осы жақта сұрыптауы бар, одан кейін көмілуі бар. 1 тоннасы 3000, тағы жарымы бар.


Осыдан болар, ел ішінде құрылыс пен тұрмыстық қалдықтарды заңсыз төгетін орындар көбейген. Министрлік ғарыштық мониторинг арқылы, 2 жарым мың орынды анықтады. Мұны жауаптылар ресми рұқсат етілген қоқыс полигондарының бағасымен түсіндірді. Қоқысты бей-берекет төгетіндер соны уәж ететін көрінеді. Жауаптылар  заңсыз қоқыс тастайтындарды жүгенге сала алмай отыр. Заңсыз төгілген қоқыс үйінділері өңірдің экологиясына кері әсерін тигізетіні айтпаса да белгілі. Сондықтан, премьер-министрі полигон нысандарын көбейтуді тапсырды.

Асқар МАМИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Индустрия министрлігіне Экология және Қаржы министрліктерімен бірлесіп, тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған полигонның үлгілік жобасын әзірлеуді тапсырамын. Ал әкімдіктермен бірлесіп, қолданыстағы заңнаманың жаңа талаптарына сәйкес, құрылыс полигондарын салу мәселесін пысықтасын.


Болашақта қоқыс қалдықтарды сұрыптайтын елордадан жаңа зауыт салу жоспарланып отыр. Одан бөлек министрлік қалдықтарды өртейтін орындар ашпақ. Сонда ғана полигондардың сасық иістен арылуыміз мүмкін. Әзірге өнделмей тау болған қоқыстарды, топырақ астына көміп, үстінен шөп егіп жатыр. Бірақ сана тазармай, бей-берекет қоқсыту жалғаса берері анық.

А. Базарбай