$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Өскеменде Төмен байытылған уран банкі ашылды

AstanaTV
29.08.2017ж. 20:00
4480
Өскеменде Төмен байытылған уран банкі ашылды

АҚШ пен Ресей арасындағы сауда-экономикалық шиеленіс күш қақтығыстарына ұласпауы қажет. Бүгін төмен байытылған уран банкінің ашылу салтанатында Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді. Санкциялардың күшеюіне алаңдаған президент Қазақстан соғыс оты тұтанбас үшін арағайындық танытуға қашан да дайын екенін айтты. Мөлдір Бақыт-қызы тарқатады.

Мөлдір Бақыт-қызы, тілші:

Бес жыл бұрын жасалған келісім нәтижесінде бүгін Шығыс Қазақстандағы Үлбі металлургия зауыты аумағында төмен байытылған уран банкі ашылды. 2012 жылы Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік Қазақстанмен уағдаластық орнатты. Совет кезіндегі Семейдегі сынақтардан өз еркімен бас тартқан Қазақстан ядролық қарудан азат ел ретінде танылып, халықаралық агенттіктің алдында беделі бірден өсіп шыға келді. Соның логикалық жалғасы ретінде тек бейбіт мақсатта пайдаланатын уран қорын сақтайтын қойманы біздің жерде салу туралы шешім шықты. Дәл бүгін Нұрсұлтан Назарбаев агенттіктің Бас директоры Юкия Аманоға Банктің символикалық кілтін табыстады.

Айтпақшы, 29 тамыз - ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн. Үлбіде сақталатын уран тек электр қуатын өндіруге жұмсалады. Тап сондай шартпен агенттікке мүше елдер оны сатып алған соң, отын шығаратын кәсіпорынға жеткізеді. Ядролық жарылғыш құрал дайындауға, әскери мақсаттарда қолдануға тиым салынған. Әрі қарай экспорттауға да болмайды. Банк уранның қандай мақсатта қолданылуын қадағалауға, яки қауіпсіздікке кепілдік береді. Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қауіпсіздік жөніндегі кезекті жаһандық самитті Астанда өткізуді ұсынды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Казахстан готов инициировать обновление глобального саммита по ядерной безопасности, чтобы провести его здесь в нашей столице - Астане.

Уран банкін салу, сақтау ерікті жарналар есебінен іске асқан. Кім, қанша қаржы құйғанына тоқталсақ. Еуропалық одақ  - 25 млн еуро, Кувейт - 10 млн АҚШ доллары, Норвегия - 5  млн АҚШ доллары, Біріккен Араб Әмірліктері - 10  млн АҚШ доллары, АҚШ - 49 млн АҚШ доллары, «Ядролық қауіпті қысқарту жөніндегі бастама»  Қоры - 50 млн АҚШ доллары, Қазақстан - 400 000 АҚШ доллары және заттай үлес.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

Бұл жоба Қазақстанға қаржылай табыс әкелмейді. Тек бұл мәселеде құрылысты бастадық, аяқтадық, дұрыстап, күзеттеп, сақтасақ, осындай құзыретіміз бар. Бұл коммерциялық жоба емес.

Демек, Уран банкі - бір тиын пайдасы жоқ, тек имидждік жоба. Қазір бос тұрған банк Халықаралық агенттіктің иелігінде болады. Биыл тендер өткізу арқылы уран өндіретін елдерден шикізат сатып ала бастайды. Банкте 90 тоннаға дейін қор сақталады.