×

Үш ауылдың халқы таудан келетін ағын суға ақы төлеуге мәжбүр

AstanaTV
18.04.2016ж. 20:00
4179
Үш ауылдың халқы таудан келетін ағын суға ақы төлеуге мәжбүр

Жамбылда үш бірдей ауыл тіршілік нәрінен тарығып қалды. Тұрар Рысқұлов ауданының тұрғындары таудан аққан тегін суды тұтына алмай отыр. Олардың айтуынша, су өтетін құбырды меншіктеп алған кәсіпкер әр отбасыға ай сайын мың теңге төлеуді міндеттеген. Ал бұған наразы болған 50-ден аса тұрғын кәсіпкермен келіспейді. Тараптарды Данияр Әлімқұл тыңдап қайтқан еді.

Таудан аққан қара суға қарық болмадық деген Құмарық, Қаракемер және Алғабас ауылының адамдары. Олар 10 жылдан бері арықтың суын ауыз су ретінде қолданып келеді. Алайда, Шал тауынан жылғалап жеткен табиғи суды тұрғындардың тұтынбағанына аптадан асып отыр. Өйткені жергілікті кәсіпкер құбырды жекешелеп, тіршілік нәрін тоқтатып тастаған. Ауыл халқы ақы төлесе ғана, арнасын ағытпақ.

Серік Сариев, Алғабас ауылының тұрғыны:

Таудан келіп жатқан құдайдың берген суы. Соны жауып тастайды. Арыққа салмайды, құмға салады.

Құралбай Ақбердиев, Алғабас ауылының тұрғыны:

400-500 үйге кіргізді. Қазір енді 1 жыл болды, мен жығып тастаймын, менің жеке меншігім, мен өзім кіргізгем, өзім құртам деп, суды бермей отыр ғой, өшіріп.

Тұрғындардың сөзінше, табиғи суды кәсіпкер құм тазалайтын шағын зауыттарға беру үшін тоқтатқан. Ал тау суы мемлекет меншігінде. Ауылға су кірерде жекенің құбыры арқылы өтеді. Кәсіпкер кеңес үкіметі кезінен қалған көне құбырды 8 жыл бұрын меншіктеп алған. 

Әлдибек Әміреев, жеке кәсіпкер:

Су құбыры 68 жылы соғылған. 89 жылы соғылған каналы бар, ұзындығы 15-те 400 метр. Мың теңгенің көлемінде ішіне кіргіздік. Үйме-үй күндіз-түні ағып тұрады. Барлығының үйіне кірді. Шарбағының суы. Осыларға демеушілік жасап төрт көл соғып бердім. Сол көлді толтырамын деп 1000 теңгеден деп кіргіздік.

Құмарық ауылдық округінің әкімдігі де бұл даудан хабардар. Олар жекенің қолындағы құбырды алдағы уақытта өздері сатып алмақ ниетте. 

Карима Көмекова, Құмарық ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы:

Ішуге жарамды су деген  СЭС-тің шешімі бар. Ал, негізі техниалық су. Бір-бірімен келісе алмаушылықтан болып отыр осының бәрі. Сондықтан қазір енді әкімшілік жұмыс жасап, суды сатып алайын деп жатыр. Қаржы жағы қарастырылып жатыр. Ал каналдың иесі келіспей жатыр. Сонымен, енді мына кісі келіссе, қарастырып сатып аламыз.

Әкімдіктің су құбырын мемлекет меншігіне қалай және қашан қайтарып алары белгісіз. Ал оған дейін үш бірдей ауыл халқының суды сатып ішкеннен өзге шарасы жоқ. 

Данияр ӘЛІМҚҰЛ