Ұлттық
экономика министрлігі мен Энергетика министрлігі қазан айының ортасына дейін
иесіз қалған электр жүйелерін түгендеуі керек.
Бүгінгі өткен Үкімет
отырысында Бақытжан Сағынтаев осындай тапсырма жүктеді. 20-шы қазанға дейін
оларды жергілікті әкімдіктер балансына өткізуді жоспарын жасауды бұйырды.
Жақында президент «Электр жүйелері жөнінде заңнамаға өзгертулер мен
толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған еді. Онда электр таратқыш ұйымдарды
30 пайызға дейін қысқартып, электр энергиясының құнын арзандату қаралған.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:
Аймақтық электр тарату станциялары жөнінде Энергетика министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігі ірілендіру процесін қамтамасыз етуі керек. 2018 жылдың бірінші жартысында атқарылған жұмыстар жайын баяндайтын болсын. Сондай-ақ Ұлттық экономика министрлігіне 20-шы қазанға дейін жергілікті әкімдікпен бірлесіп қараусыз қалған электр жүйелерін түгендеуді тапсырамын. Сондай-ақ әкімдік балансына өту жоспарын жасақтасын.
Үкіметте жаңа үшжылдық бюджет жоспары да қаралды. 2018-2020-шы жылдарға арналған құжатта доллар бағасы 340 теңге болып бекітілген. Мұны Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз жиынында Тимур Сүлейменов мәлімдеді. Дегенмен, министр бұл төңіректе 100 пайыздық сенім білдіре алмайтынын айтты. Оған Ұлттық банктің доллар құнын реттемейтіні себеп.
Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:
Бұл
болжамды курс болып есептеледі. Бұл валюта нарығында болатын құбылыс индикаторы
емес екенін атап өткен жөн. Мұны бірінші кезекте атап өткім келеді.
Макромодельмен біздегі бар параметрлерді қарай келе, 1 доллар құнын 340 теңге
деп бекіттік. Бұл бюджет параметрлерін есептеуге арналған болжамды курс.
Ал
бюджет мұнайдың баррелі 45 доллармен есептелген. Министр мұнай бағасына деген
болжамымен де бөлісе кетті. "Келер жылы қара алтын құнының баррелі 55
долларға дейін өсуі ықтимал. Ал, кем дегенде 35 долларға түсуі мүмкін", -
дейді. Ұлттық экономика министрінің жорамалы бойынша, ІЖӨ 2018 жылы 3 пайызға артса, 2022 жылға қарай 4 пайыздан сәл асуы мүмкін.