Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Қымбатшылыққа ұрынған халық ет алуды қойған

AstanaTV
17.06.2021ж. 20:00
4084
Қымбатшылыққа ұрынған халық ет алуды қойған

Елде баға күн сайын құбылып тұр. Ол сатушыларды да алаңдатып қойды. Бұлай жалғаса берсе, ет тіске емес, тек қана түске кіруі де ғажап емес. Бұқара Үкімет тезарада қандай да шаралар жасауын талап етеді. Өйткені олар ет алуды қойған. Еттің бағасын бағамдаған тілшілеріміз, өңірлердегі жағдайды баяндайды.


Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Павлодарда еттің бағасы шарықтап тұр. Мәселен, халық жиі тұтынатын сиыр еті базарда 2300-2500 теңгеден сатылып жатыр.


Ал жылқы етінің келісі 3000 теңгеге жеткен. Қой еті 2600 теңге.


– Өте қымбат. Былтырғысымен салыстырған кезде осы кезде мынандай баға болған жоқ. Почти 1,5 есе өсіп тұр.

– Етке ақша жоқ. біз ет алмаймыз.


Ал шенділер ет бағасы қымбаттаған жоқ – деп айды аспаннан бірақ, шығарды. Тіпті базардағы бағаға құзыретіміз жүрмейді – дейді.


Кәрімжан БАЙСАРИН, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ИНДУСТРИЯЛЫҚ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Бүгінгі күні сиыр еті бағасының өсуі тіркелмеді. Әлеуметтік дүкендерде сиыр еті 1836 теңгеден сатылады. Біздің өңір ет арзан 4 аймақтың қатарына кіреді. Бағаға күнделікті тексеру жүргізіледі.


Ал фермерлер еттің қымбаттауына жем-шөп бағасының өсуі себеп - деп отыр. Өйткені қуаңшылықтан малдың қысқы азығын дайындау да қиын болып тұрғанын айтады.


Гүлзира ҚАЗЫЛОВА, ФЕРМЕР:

Өйткені, шөп жоқ. Шөп түгілі жайылымда жоқ. Жерлері жоқ қазір мал бауға. Жазғы жайлаулардың да жағдайы қиын. Бізде шабындық жерлер бар. Оны 150 шақырым жерге тасимыз. Ол бізге өте үлкен шығын шығады. Оның бәрі ертең келіп еттің бағасына тіреледі.


Әзірге бағаның бағынатын түрі жоқ сыңайлы. Жан-жақтан қымбатшылық қысқандықтан, фермелер де биыл төрт түлік басын қысқартамыз – деп отыр.


Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Халық көп шоғырланған Шымкентте де мал азығының тапшылығы туындапты. Өңірдегі әріптесім бағаны бағамдап көрді.


Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Иә, Өзгеріс! Бізде де баға шарықтап тұр. Қазір базарда жылқы еті мен қой етінің бағасы бірдей.


Соған қарамастан баға күннен-күнге қосылып жатқанын жеткізді. Бүтін қойды алуға екінің бірінің шамасы келмейді. Өйткені, бір қой орта есеппен 80-100 мың теңге аралығында сатылуда.


Гүлнар АТАМҚҰЛОВА, САТУШЫ:

Қымбат негізі. Қымбат қой кеп жатыр. Бір айдан асты десем өтірік айтпайм, себебі 2200 ден бұрын сататын едік қой. Қазір 2400 ден сатамыз, қымбат халыққа.


Сатушылар бір жылқының етін екі үш күнде әзер сататындарын айтады. Халыққа сәл де болса қолжетімді болып тұрғаны әзірге сиыр еті секілді. Оның келісі 2100 бен 2700 теңгенің аралығында. Бірақ тұтынушыларда азайып кеткен.


Гүлбахира БЕЙСЕНОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Менің көршілерім бар окорачка да жей алмай отырған, ауылдастарым бар бес алты балалы шағалы. Ет түсіне кіреді, түсінде көреді етті. Мен солар үшін жүрегім ауырады. Мемлекет ауыл шаруашылығын қолға алып, тек ақша бөлдік деп отыра бермесін. Қадағалау керек.


Жуырда ауыл шаруашылығы министрі, бар кінәні алыпсатарлардан көрді. Ал, алып сатушылар сыртқа экспорт артып, соның әсерінен қымбатшылыққа ұрындық деп біледі.


Бота АМАНБАЕВА, КӨТЕРМЕ АЛЫП САТУШЫ:

Шет жаққа өте көп ет өнімдері кетіп жатыр, в общем осы біздің именно Шымкент облысындағы мынау Қарабұлақ, Сайрам ауданы, мынау Ташкент бар , Түркия бар сол жақтар тыныштық беріп жатқан жоқ осы ет өнімдеріне. Соның салдарынан ет өнімдері қымбат.


Ет бағасының қымбаттауына бір себеп биылғы құрғақшылық екені айтылуда. Мал азығының тапшылығынан Шымкенттеді қырдағы малын жаппай сатып жатқандары бар.


Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Бірақ бұл бағаның түсуіне әсер етпей тұр. Құрғақшылықтан мал қырылып жатқан Қызылордада жағдай қандай? Әріптесім Мөлдір Тоқтасынқызы жеткізбек. Мөлдір, баға Сыр елінде түсті ме?


Мөлдір ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Иә, Айзада! Өзге өңірлергемен салыстырғанда Қызылордада ет бағасы төмен. Базарда сиыр еті 1800, жылқы еті 2200 теңге болса, қой еті 2400 теңге шамасында сатылуда.


Ал өздері мал бағып, халыққа тікейлей жеткізіп отырған кейбір дүкендер одан да арзан ұсынып отыр. Соған қарамастан халық ет бағасы қалтаны көтермейтінін айтып арызданды. Дегенмен, халық күн өткен сайын ырық бермей бара жатқан бағаға бақылау жоқ деп есептейді.


- Қой еті тәтті ғой, қуырдаққа да. Бірақ оның бағасы шарықтап тұр, қызылсыз тағы отыра алмайды.

- Қалтаға қонымсыз. Ет алып жемейміз. Қазір қойдық ет алып жеуді.


Ал мал бағып, бейнетін көріп отырған шаруалар, мал ұстау тиімсіз болып жатқанын айтты.


Дәулет ІЗБАСАРҰЛЫ, КӘСІПКЕР:

Бір мөлтек бұрын соңды 10-15 үй мал ұстап, бордақылап халыққа ет өнімдерін үйлестіріп отыратын болса, қазір бір мөлтек ауданды мал ұстайтын бір әрең табасың. Малдың жем-шөбі қиын қазір.


Мөлдір ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Қалай дегенмен де аймақта әзірге ет бағасы тұрақты. Бұны Арал өңіріндегі қуаңшылықпен байланыстыратындар да жоқ емес. Ал бағасы ерекше бас қаладағы баға қандай? 


Бекболат САТУОВ, ТІЛШІ:

Ет бағасы бас қаладада мәз емес. Бізде әсіресе қой етіне деген сұраныс артқан. Есесіне баға да ырыққа бағынбай барады.


Елорда базарларында бір келі қой еті үш мың теңгенің аржақ-бержағында сатылуда.


Қарлығаш КҮМІСПАЕВА, САТУШЫ:

Қой еті қазір 2800-3000 мыңнан сатылып жатыр қазір. Қымбаттағанына где то 4-5 ай болып қалды. Енді оны қымбаттатып жатқан біз емес, оптавиктер көтергесін бізде енді үстіне қойып нанымызды табуымыз керек. Сондықтанда көтеріп сатамыз.


Түлкіше түрленген баға тұрғындарды да шаршатқан. Қалтаны қаққан қымбатшылықтан, әсіресе зейнеткерлер ет алуды қойыпты.


– Ет бәрі қазір қымбаттап кетті. Бізге пенсионерлерге мынадай бағамен алуға қиын.

– Жастарға барлығы да жұмыс жасайды. Қара жұмыс жасайды. Осыларға қиынғо.Олардың имунитеті күшті болуы үшін тамақтану керек.


Сонымен ет бағасының бұлайша күрт өсуін бүгінде әркім өзінше топшылайды. Бірі алып сатарларға кінә артса, енді бірі мал азағының тапшылығынан деп біледі. Алайда кәсіпкерлер палатасы...


Ербол ЕСЕНЕЕВ, «АТАМЕКЕН» ҚР ҰКП АГРОӨНЕРКӘСІПТІК КЕШЕН ЖӘНЕ ТАМАҚ ӨНЕРКӘСІБІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Былтырғы жылмен салыстырғанда жалпы, азық-түлік 2,5 пайызға өсіпті дейді. Біздің енді жалпы ет өнімдерге бір үлкен сұраныс бар. Шындығы керек мына қасымызда тұрған Орта Азия Қытай елдері соған үлкен бір сұранысқа ие болып тұр.


Жауаптылар ет өнімдерінің дені сыртқы нарыққа жол тартады дейді. Жыл сайын оның көлемі көбейіп келе жатқанын да мойындайды.


Бекболат САТУОВ, ТІЛШІ:

Ал мал ұстайтын ағайынға төрт түлікке азық тауып беру оңай болмай тұр. Қуаңшылық та бүйректен қысып барады. Мәселеге Үкімет назар аудармаса, мал шаруашылығы мүлде ақсап қалу қаупі бар. Онда ет тіске емес, түске кіретіні, айдан анық.


Б. Сатуов, А. Төребекқызы, М. Тоқтасынқызы, Ө. Қуанар