Жыл басынан бері балаларға жыныстық зорлық-зомбылық көрсеткен 113 педофил темір торға тоғытылған. Елдің бас прокуроры осылай дейді. Есесіне түрмеде отырған 50 қаныпезер бостандыққа шыққан. Олардың тек біреуіне ғана химиялық кастрация жасалыпты. Азғындардың айуандық әрекетті қайталамауына кім кепілдік береді? Түрмедегі тәрбие қылмыскерді түзеуге қаншалықты әсер етеді? Әріптесім Асылбек Даниярдың материалында.
Ауру қалса да әдет қалмайды. Қоғамды алаңдатқан педофилдер мәселесі әлі өзекті. Сондықтан балаларға сексуалдық қысым жасаған арам пиғылдылардың бостандыққа шығуы көпшілікті алаңдатып отыр. Олардың әрі қарайғы тірлігі назарда бола ма? Қылмыскерлердің қайта теріс әрекетке бармайтынына кім кепіл береді? Депутат Бақытбек Смағұл сотты болып еркіндікте жүрген айыпталушылармен жұмыс істейтін пробациялық қызметке күмәнмен қарайды.
Бақытбек СМАҒҰЛ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "NUR OTAN" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Пробация қызметкерлері құрылды. Олардың негізгі функцияларының бірі - сотталғандарды түзеп-тәрбиелеуге ықпал ету. Өкінішке орай, олар әлі күнге дейін ескі тәсілмен жұмыс істейді, бұл қызметте формализм көп.
Психолог мамандар да дабыл қағып отыр. Айтуларынша, балалардың өміріне қол сұққан азғындардың қоғамға тағы да зияны тиюі әбден мүмкін.
Күлмаш ЕЛШІБАЕВА, ПСИХОЛОГ:
Егер олар нақты педофилдер болатын болса ондайлар қайталанады. Ал, педофилдердің өзі кішкентай кезінде, жас кезінде, мүмкін сәби кезінде құрбан болған адамдар. Кішкентай кезінде сондай алған психологиялық жарақаттарының орнын толтыру үшін яғни менде сондай болдым сенде сондай бол деген психологиялық ауытқулар болуы мүмкін.
Соңғы уақытта балаларға жасалатын қылмыстарға қатысты заңнама біршама қатаңдатылды. Қаныпезерлерге рақымшылық жасау жат. Олар кемі 20 жылға абақтыға тоғытылады. Бостандыққа шықса да, әкімшілік бақылау мерзімі ұзартылады.
Алексей МИЛЮК, ҚР ІІМ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бұрын бостандыққа шыққан мұндай жандар 3 жыл әкімшілік бақылауда болса, қазір бұл мерзім 8 жылға ұзартылды. Олардың көңіл көтеру орындарына, білім мекемелеріне баруына тыйым салынады. Тұрғылықты мекен-жайынан түнгі 11 мен таңғы 6 аралығында шығуына болмайды.
Бас Прокуратураның берген ақпараты көңілге қаяу түсіреді. 2016 жылдан бері балаларға көрсетілетін сексуалдық зорлық дерегі 4 мыңға таяған. Зорлау фактісі соңы 5 жылмен салыстырғанда 45% көбейген.
А. Данияр