Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×
Реклама на сайте

Елде өткен жылы 570 миллиард теңге тиімсіз жұмсалған

AstanaTV
21.06.2021ж. 20:00
1705
Елде өткен жылы 570 миллиард теңге тиімсіз жұмсалған

Бюджеттен бөлінген 570 миллиард теңге тиімсіз жұмсалған. Бұл туралы Парламент Палаталарының бірлескен отырысында есеп комитетінің басшысы мәлімдеді. Сондай-ақ отырыста соңғы күндері жұртты дүрбелеңге салған азық-түлік бағасын тұрақтандыру шаралары сөз болды. 2024 жылға дейін ішкі нарық отандық өнімдермен толықтай қамтылмақ. Талқыға түскен осы және өзге де мәселелер туралы Ғалымжан Өтемісов айтады.

Есеп комитетінің басшысы Наталья Годунова қаржы министрлігін сынады. Жекешелендірудің жоспары төмен орындалып, көрсеткіш 62 пайыз ғана болғанын мәлімдеді. Сондай-ақ ол сырттан қисынсыз қарыз тартатындарға жеке жауапкершілік енгізу керектігін ұсынды. Шетелдік тәжірибені зерделеу үшін қаржыландыруды сырттан тарту тәсілін алып тастау қажет деді.

Наталья ГОДУНОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, ЕСЕП КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:

Мемлекеттік қарыздың өсуі елдегі макроэкономикалық тұрақтылық тәуекелдерін тудырады. Қабылданған борыштық міндеттемелер бойынша кем дегенде 10 жылға нақты қалыптасқан ниет болғанын қалар едік. Бұл жерде айқындық пен ашықтық қажет.

Ал қаржы министрі өзіне айтылған сынмен келіспейді. Ол тексеру кезінде ескерілмеген жағадайлар бар дейді. Айтуынша, шын мәнінде жоспар 93 пайызға орындалған. Тек, нарықтағы қолайсыздықтарға байланысты бірқатар кәсіпорындарды жекешелендіру кейінге қалдырылғанын жеткізді. Жақсы, дауды осымен қоя тұралық. Соңғы уақытта жұртты дүрліктірген тағы бір мәселе бар. Азық-түлік. Ырыққа бағынбаған баға. Үкімет түйіткілді шешу үшін отандық өндірушілер қатарын көбейтуді жоспарлап отыр. Биыл елімізде 2 ет комбинаты мен 5 құс фабрикасы іске қосылады.

Асқар МАМИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

29 негізгі азық-түлік тауарының 11-і - 100 пайыздан аса қамтамасыз етілген, ал 12 тауар бойынша – 80 пайыздан артық. 6 тауар бойынша импортқа тәуелділік бар. Оны азайту үшін азық-түлік тауарлары өндірісін ұлғайту бойынша кешенді жоспар іске асырылып жатыр.

Министрлер кабинеті мәселені осылайша шешеміз деп отыр. Жиында сондай-ақ сүйінші сұрарлық жаңалық айтылды. Қазақстан ТМД елдері арасында тұрғын үй құрылысы бойынша 1-орынға шықты. Әлемдік және өңірлік экономикалардағы белгісіздікке қарамастан тұрғын үй пайдалануға беру 16,8 пайызға артқан. Бұдан бөлек, ішкі өнімдегі өңдеуші кәсіпорындар жұмысында ілгерілеу бар. Әсіресе, машина жасау, тау-кен өндіру, фармацевтика саласы қарқынды өсім көрсеткен.

Ғ. Өтемісов