Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Вакцина алмағандар жұмыс орнына кіргізілмеуі мүмкін

AstanaTV
22.06.2021ж. 20:00
3845
Вакцина алмағандар жұмыс орнына кіргізілмеуі мүмкін

Коронавирусқа қарсы вакцина алмаған адамдардың жұмыс орнына кіруіне шектеу қойылуы мүмкін. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер осындай ұсыныс айтты. "Үнді" штаммына тән болуы ықтимал мутация анықталғандықтан елордада карантин күшейтілмек. Өйткені қауіпті дертті жұқтырып алды деген күдікті науқастардың жартысынан көбінде сынама оң нәтиже көрсеткен. Үкімет те COVID-19-дың жаңа толқынынан қорқа бастады. Тіпті қабылданып жатқан шектеу шаралары жеткіліксіз деп отыр. Халықтың екпе алу да көрсеткіші мәз емес. Эпид ахуал туралы әріптесім Асылбек Данияр айтады.

Халық тағы да былтырғыдай үйге қамалуы мүмкін. Бұған «Дельта» деп аталатын коронавирустың қауіпті түрі себеп. Қауіпті деуге негіз бар. Ғалымдардың айтуынша, індет салдарынан науқас есту мүмкіндігінен айырылуы мүмкін. Қазір бұл ауру әлемнің 74 елін кезіп жүр. Қазақстанды да айналып өтпегендей. Министрдің айтуынша, күдікті науқастар анықталды.

Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Коронавирустың «Дельта» штаммы өте жұқпалы. Мутацияға ұшыраған басқа формаларға қарағанда 60% -ға жұқпалы. Инкубациялық кезеңі 7 күнге дейін созылады. Науқастарда буындар мен іштің қатты ауыруы, жүрек айнуы, есту қабілетінің төмендеуі сияқты жаңа клиникалық белгілер пайда болды.

Індетті жұқтыру соңғы айда 1,7 есеге төмендеген. Бірақ, бұл жағдай оңалды деген сөз емес. Арқаны кеңге салу әлі ерте. "Қызыл" аймаққа тереңдей кеткен Елордада эпидахуал нашарлап жатыр."Үнді" штаммына ұқсас вирусты жұқтыру дерегі де осында тіркелді.

Сархат БЕЙСЕНОВА, НҰР-СҰЛТАН қ. САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:

Нұр-Сұлтанда қосымша тексеруге 54 науқастың сынамасы алынды. Олардың ішінде пациенттердің 56%-ында үнді штаммының ықтималдығы анықталды. Ал 39%-ы британдық штаммға ие. Пациенттердің 80%-дан астамында клиникалық көріністер бар, оның ішінде 20 науқас ауруханаға жатқызылды. Елордада қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қосымша карантиндік шектеулер енгізіледі.

Ведомствоаралық комиссия отырысында бұл ұсыныс қолдау тапты. Елдің бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысы келесі аптадан бастап күшіне енеді. Демалыс күндері сауда ойын-сауық орталықтары, азық-түлік сатпайтын базарлар, тамақтану орталықтары жабылады. Ал жұмыс күндерінің уақыты қысқарады.

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Ерлан Қиясов тағы бір ұсыныс айтты. Індетке қарсы екпе салдырмағандардан ПТР сынамасын талап ету керек. Тіпті, жұмысқа кіруге шектеу енгізу керек дейді ол. Ал, бизнес өкілдері тірлігін тоқтатпас үшін "Ashyq" қосымшасын пайдаланып, барлық қызметкерлеріне вакцина салдырсын деп отыр.

А. Данияр