$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Үкімет қордаланған мәселелерді бұйрықпен емес, келісіммен шешуі керек - депутат

AstanaTV
23.06.2021ж. 20:00
1571
Үкімет қордаланған мәселелерді бұйрықпен емес, келісіммен шешуі керек - депутат

Елде шикізат пен құрылыс материалдарының бағасы күрт қымбаттады. Әсіресе машина жасау, металл өңдеу кәсіпорындары жаппай шығынға ұшырап жатыр. Депутаттар бүгін Үкіметке сауал жолдады. Нарықтағы баға мен сметалық көрсеткіштердің сәйкес келмеуі халық қалаулыларын алаңдатып отыр. Мәжілісте мұнан да өзге мәселелер талқыланды. Денсаулық сақтау саласында, тіпті шығармашылық бағытта былық көп. Тілшіміз Ғалымжан Өтеміс жалғастырады.

Бағаны бұйрықпен емес, нақты кешенді жоспарлармен реттеу қажет. «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев Үкіметке реніш білдірді. Бұған дейін бағаны жедел реттейміз деген сөзінде тұрмады деп айыптады. Бағаны тұрақтандыруда қауқарсыздық танытып отырмыз-дейді. Құрылыс материалдарының құны 60% – ға, машина жасау және металл өңдеу 80% - ға дейін өскен.

Азат ПЕРУАШЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ «АҚ ЖОЛ» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Цемент нарығы үшін құрылыс маусымы қызған кезде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне импортқа тыйым салуды дереу алып тастау, ал қажет болған жағдайда, кәсіпкерлерді қолдайтын кедендік баждармен алмастыру талап етіледі. Құрылыс үшін әр жоғалған ай жаңа қаржылық шығындарға және алаңның қымбаттауына әкеп соғады.

Депутаттар Үкіметтен аталған жағдайға қатысты нақты шешім қабылдауын талап етті. Мәжілісте қаралған тағы бір мәселе-ана мен бала денсаулығы. Ғалымжан Елеуов өткен жылы ана өлімінің көрсеткіші 3 есе артқанын жеткізді. Мұның пандемияға түк қатысы жоқ. Амбулаториялық акушерлік-гинекологиялық көмекке қатысты шешімін таппаған мәселелер бар.

Ғалымжан ЕЛЕУОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «NUR OTAN» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Жүкті әйелдерге стационарлық көмекке қол жетімділіктің төмендеуі байқалады. Бірқатар өңірлерде 15 жылдан бастап мамандандырылған ұйымдар мен бөлімшелердің төсек-орын қоры 30% - ға қысқарды. Көп бейінді ауруханалардың құрамында акушерлік-гинекологиялық бөлімшелерді қаржыландыру басымдығы сақталмайды. Бұл алаңдатарлық жәйт.

Ұлттық болмысты жоғалтпау үшін жат ділден сақ болу керек. Рухани құндылықтарды дәріптеу арқылы теріс тәрбиеге бой алдырмаймыз. Осылай деген депутат Қазыбек Иса отандық шығармашылық орталықтарды қаржыландырудың төмендігін сынады. Бірлестіктер мен одақтар күнін әзер көріп отыр,-дейді. Ал Мәдениет министрлігі оларды қолдауға бөлінген 257 миллион теңгені игермеген.

Қазыбек ИСА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «АҚ ЖОЛ» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Шығармашылық одақтардың мемлекетпен әріптестік қызметін жандандыру үшін мәдениет пен өнерді дамыту гранттарын тағайындау қажет. Үшіншіден, ұлттық болмысымызды жат болмыстан қорғау үшін ұлттық идеологиялық, ақпараттық-рухани қауіпсіздік тетіктерін жасауды шұғыл қолға алу керек.

БҰл-жетінші шақырылған Парламент Мәжілісінің бірінші сессиясындағы соңғы отырыс. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин сессия барысында депутаттар 10 заң жобасын әзірлегенін айтты. Сондай-ақ 230-дан астам депутаттық сауал жолданған. Енді депутаттар өңірлерге, шалғайдағы ауылдарға барып, сайлаушылармен кездеседі.

Ғ. Өтемісов